Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ХИТУ түлектеріне ақ жол тіледі

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ХИТУ түлектеріне ақ жол тіледі

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ХИТУ түлектеріне ақ жол тіледі

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде түлектерге диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Айтулы шараның құрметті қонағы Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халықаралық инженерлік академияның академигі Тоқтар Әубәкіров болды.

Тоқтар Оңғарбайұлы – Қазақстан тарихындағы ғана емес, әлемдік ғарыш қауымдастығындағы да көрнекті тұлға. Ол ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ ретінде отандық ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, ел тарихында өшпес із қалдырды. Оның өмір жолы кәсіби шеберліктің, қайсарлықтың және Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Салтанатты рәсімге қатысушылар құрметті мейманды зор ықыласпен қарсы алды. Тоқтар Әубәкіровтің қатысуы түлектер үшін ерекше мәнге ие болып, инженерия, технология, ғылым және инновациялар саласындағы болашақ кәсіби жолына сенімді қадам жасауға жігер берді.

Сапар аясында Тоқтар Әубәкіров университеттің зертханаларын, заманауи білім беру кеңістіктерін, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын және ғылыми-техникалық әзірлемелерін аралап көрді. Құрметті қонаққа жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға бағытталған білім беру мүмкіндіктері, сондай-ақ озық технологиялық шешімдерді әзірлеу мен өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстар таныстырылды.

Сонымен қатар Тоқтар Оңғарбайұлы ХИТУ-дың Озық технологиялар орталығында болып, университеттің инженерлік және ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Мұнда студенттер, оқытушылар және жас ғалымдар әзірлеген қолданбалы ғылымды, цифрлық технологияларды, инженерлік шешімдер мен инновациялық өндірісті дамытуға бағытталған жобалар ұсынылды. Ұсынылған әзірлемелер университеттің экономиканың нақты секторына қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы және еліміздің технологиялық дамуына үлес қосудағы жоғары әлеуетін айқындады.

Салтанатты рәсім барысында Тоқтар Әубәкіров оқу үлгерімімен қатар ғылыми, қоғамдық, шығармашылық және студенттік өмірде белсенділік танытқан университеттің үздік түлектеріне дипломдарын табыстады.

Түлектерді құттықтаған құрметті қонақ сапалы білімнің, табандылықтың, тәртіптің және таңдаған мамандыққа адалдықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жас мамандарға кәсіби қызметте биік мақсаттарға ұмтылып, елдің ғылыми-технологиялық дамуына өз үлестерін қосуға тілектестік білдірді.

ХИТУ-дағы диплом тапсыру рәсімі түлектер үшін ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған маңызды іс-шара болды. Тоқтар Әубәкіровпен өткен кездесу жас мамандарға кәсіби бағдар беріп, білім, еңбекқорлық пен табандылықтың биік жетістіктерге жеткізетінінің жарқын үлгісіне айналды.