AI-SANA ОТАНДЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІ БІРЫҢҒАЙ ЖИ ЭКОЖҮЙЕСІНЕ БІРІКТІРЕДІ

AI-SANA ОТАНДЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІ БІРЫҢҒАЙ ЖИ ЭКОЖҮЙЕСІНЕ БІРІКТІРЕДІ

AI-SANA ОТАНДЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІ БІРЫҢҒАЙ ЖИ ЭКОЖҮЙЕСІНЕ БІРІКТІРЕДІ

Біз AI-Sana бағдарламасының ауқымы мен оны іске асырудың алғашқы нәтижелері туралы жарияланымдар легін жалғастырамыз. Бүгінде бағдарламаға қатысушылар жасанды интеллект технологияларын меңгеріп қана қоймай, түрлі салаларда қолданыс тауып жатқан өздерінің инновациялық шешімдерін әзірлеп жатыр.

Бағдарламаның маңызды нәтижелерінің бірі – студенттік және университеттік командалардың оқу жобаларынан бизнес, өнеркәсіп, денсаулық сақтау ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар сұраныс білдіретін нақты өнімдерді әзірлеуге көшуі. Көптеген жоба бүгінде пилоттық енгізу кезеңінен өтіп, халықаралық серіктестердің қолдауына ие болып, инвесторлардың қызығушылығын тудырып келеді.

Сонымен қатар университеттерде әзірленіп жатқан жасанды интеллект шешімдері өнеркәсіп пен экономиканың нақты секторына белсенді түрде енгізіле бастағанын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, Astana IT University күн панельдеріндегі ақауларды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен автоматты түрде анықтауға арналған EnergyDronesAI жүйесін әзірледі. Жоба Shell компаниясының халықаралық грантын жеңіп алып, Қытайда өткен халықаралық байқауда алтын жүлдеге ие болды.

Қазақстан-Британ техникалық университеті «ҚазМұнайГаз» АҚ-пен бірлесіп мұнай-газ саласындағы деректерді талдауға арналған зияткерлік AI-көмекші – KMG.AIAN жобасын жүзеге асырып жатыр.

Шығыс Қазақстан техникалық университеті шахталардағы қозғалысты басқару және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға арналған Smart Safety Monitor жүйесін әзірледі. Аталған жоба Дүниежүзілік банктің гранттық қолдауына ие болды.

Бағдарлама аясында денсаулық сақтау саласына AI технологияларын енгізуге және инклюзивтілікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Астана медицина университеті телемедицинаға арналған ZhanCare.AI платформасын іске асырып, бүгінде оны бірқатар медициналық ұйымдармен бірлесіп қолдануда.

Astana IT University трансплантология саласында клиникалық шешім қабылдауды қолдауға арналған CortexAI жүйесін әзірлеп жатыр. Жоба Сауд Арабиясындағы халықаралық серіктестердің гранттық қолдауына ие болды.

Маңызды бағыттардың бірі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған технологияларды дамытуға арналады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіліндегі медиаконтентті автоматты түрде ымдау тіліне аударатын SignBridge AI жүйесін енгізуде. Бұл технология қазірдің өзінде «Jibek Joly» телеарнасының бағдарламаларын көрсету кезінде қолданылып келеді.

Жасанды интеллектіні туризм, қаржы және цифрлық қауіпсіздік салаларына енгізу де қарқынды дамып келеді. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті туристік қызметтерді автоматтандыруға арналған TrustTravel платформасын жүзеге асырып жатыр. Қазіргі уақытта оған сегіз компания қосылған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech филиалымен бірлесіп пайдаланушылар мен қаржы жүйелерін фишингтік шабуылдар мен цифрлық қауіптерден қорғауға бағытталған PhishGuard AI платформасын дамытып жатыр. Қазіргі уақытта бұл шешімді прокуратура органдарында енгізу бойынша келіссөздер жүргізіледі.

Narxoz University Queen’s University университетімен бірлесіп трансшекаралық төлемдерді кедергісіз жүзеге асыруға арналған ITEQ жобасын іске асырып жатыр. Осы бағыт бойынша «Банк ЦентрКредитпен» пилоттық келісімге қол қойылған.

Университеттік әзірлемелер бизнестің цифрлық трансформациясына да үлес қосып келеді. Қазақстан-Британ техникалық университеті CRM, ERP, маркетингтік және BI жүйелеріне жасанды интеллектіні  біріктіру арқылы компаниялардың қызметін кешенді автоматтандыруға арналған KOZ AI платформасын енгізуде. Бүгінде жоба 30-дан астам клиентке қызмет көрсетіп, экспорттық әлеуетін айқын көрсетіп отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Astana Hub-пен бірлесіп стартаптарды онлайн-инкубациялауға арналған AI Startify Incubator платформасын дамытып жатыр.

Ал Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті өтініштерді өңдеу мен бөлуді автоматтандыратын бірыңғай байланыс орталығының Ushqyn AI платформасын енгізбек. Жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ және телекоммуникация операторларымен ынтымақтастық жолға қойылған.

Жасанды интеллектіні, білім мен ғылымды дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатының стратегиялық басымдықтарының бірі. Білім беру бағдарламаларын жаңғырту, AI инфрақұрылымын дамыту, кадрлар даярлау және AI-Sana бағдарламасын іске асыру бағытындағы барлық бастама болашақ экономикасын қалыптастыруға арналған ұзақ мерзімді ұлттық стратегияның құрамдас бөлігі.

Бүгінде жасанды интеллектінің болашағы Қазақстан университеттерінде қалыптасып жатыр. Сонымен қатар бағдарлама еліміздің барлық өңірінде белсенді дамып, кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және озық технологияларды экономика мен әлеуметтік салаға енгізудің бірыңғай экожүйесін қалыптастырып келеді.