
Қарағанды индустриялық университетінің «Металлургия» оқу-ғылыми-зерттеу орталығында кондицияға сай келмейтін шикізат пен металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы кремнийқұрамды қорытпаларды өндіруге бағытталған ғылыми зерттеулер табысты жүргізілуде. Зертханалық сынақтар қуаттылығы 250 кВА кен-термиялық электр пешінде жүзеге асырылып жатыр.
Зерттеудің негізгі мақсаты – кремний қорытпаларын өндірудің жанама өнімі болып саналатын микрокремнезем мен көміртекті тотықсыздандырғыштардың ұсақ фракцияларын пайдалану арқылы кристалдық кремний мен ферросилицийді балқыту технологиясының тиімділігін бағалау. Осы мақсатта кондицияға сай келмейтін шикізат пен металлургиялық қалдықтарды шихта құрамында қолданудың технологиялық ерекшеліктері жан-жақты зерттеліп, олардың балқыту процесіне және алынатын өнімнің сапасына әсері сараланды.
Зерттеу нәтижелері екінші реттік материалдық ресурстарды өндірістік айналымға тиімді енгізуге және табиғи шикізатты ұтымды пайдалануға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Ұсынылған технологияны қолдану металлургиялық қалдықтардың көлемін азайтуға, қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетуге және қалдықтарды қайта пайдалану есебінен өндіріс шығындарын қысқартуға ықпал етеді.
Ғылыми жұмыстар аясында микрокремнезем мен көміртекті тотықсыздандырғыштың ұсақ фракциялары негізінде дайындалған брикеттелген қоспаны пайдалана отырып техникалық кремнийді балқыту технологиясы да сынақтан өткізілді. Нәтижесінде техногендік қалдықтарды өндіріс процесіне тиімді енгізуге болатыны дәлелденіп, брикеттелген қоспаны пайдалану шикізат ресурстарын ұтымды игеруге мүмкіндік беретіні анықталды. Алынған эксперименттік нәтижелер әзірленген технологияның өнеркәсіптік өндіріске енгізуге жоғары әлеуетке ие екенін көрсетті.
Зерттеулер барысында Ақтас кен орнының кварц ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ғалымдар кварц шикізатын пайдаланудың оңтайлы бағыттарын айқындап, оны өңдеу кезіндегі шығындарды азайтуға арналған ұсынымдар әзірледі. Сонымен қатар кен орны қорларын барынша толық игеру мүмкіндігі ғылыми тұрғыдан негізделді.
Жүргізілген ғылыми зерттеулер ресурс үнемдейтін технологияларды дамытуға, минералдық-шикізат ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға, металлургия өндірісінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қалдықсыз өндіріс қағидаттарын кеңінен енгізуге бағытталған. Алынған ғылыми-техникалық нәтижелер кремний мен ферросилиций өндіру технологияларын жетілдіруге, отандық металлургия өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өндірісте екінші реттік материалдық ресурстарды пайдалану аясын кеңейтуге негіз болады.
Қарағанды индустриялық университеті металлургия саласының өзекті ғылыми-техникалық міндеттерін шешуге, өнеркәсіптің орнықты дамуына ықпал ететін инновациялық технологияларды әзірлеуге және оларды еліміздің металлургия кәсіпорындарына енгізуге бағытталған ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде жалғастырып келеді.