
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалында бакалавриат және магистратура түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Биыл Мәскеу университетінің дипломын 161 түлек иеленді.
Салтанатты рәсімге Ресей Федерациясының ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев, ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат және Қазақстан Республикасындағы «Россотрудничество» өкілдігінің басшысы Ирек Зиннуров қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде биылғы түлектердің ерекшелігіне тоқталды.
«Биылғы түлектер легіне ММУ-дың Қазақстан филиалының 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі ерекше мән береді. Осы ширек ғасыр ішінде филиал сапалы білімнің, іргелі ғылымның және Қазақстан мен Ресей арасындағы академиялық ынтымақтастықтың мойындалған орталығына айналды. Оның қызметі жоғары білікті мамандар даярлауға және еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді», – деді министр.
РФ Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин бұл оқиғаның символдық маңызын атап өтті.
«Филиал Қазақстан мен Ресей арасындағы берік достықтың, стратегиялық серіктестіктің және ортақ білім беру кеңістігінің символына айналды. Осы уақыт ішінде мұнда өзіндік академиялық дәстүрлер қалыптасып, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жоғары білікті мамандар шоғыры тәрбиеленді. Қазақстан мен Ресейдің ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы алдағы уақытта да нығая беретініне сенімдімін», – деді ол.
Мерейтойлық жылдың маңызды оқиғаларының бірі – ҚР Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп жүзеге асырылатын «Қазіргі экономикадағы статистика және деректерді басқару» магистрлік білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табыстау болды.
«Қазақстандағы ММУ филиалымен ынтымақтастығымыз 2022 жылы басталып, осы уақыт ішінде мемлекет, ғылым және білім беру салаларының тиімді өзара іс-қимылының үлгісіне айналды. Бұл серіктестікте 2024 жылы іске қосылған бірлескен магистрлік бағдарлама ерекше орын алады. Бүгін біз оның алғашқы түлектерін шығарып салып отырмыз. Бұл – серіктестігіміздің маңызды кезеңі», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Аталған іс-шара Қазақстан мен Ресей университеттері арасындағы серіктестікті дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болып, жаңа буын жоғары білікті мамандарын даярлауда ғылым, білім және практиканың табысты ықпалдасып жатқанын тағы бір мәрте айқындады.