
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары дәстүрлі қазақтың Наурыз көже сусыны негізінде инновациялық ферменттелген сүт өнімін әзірлеуге кіріседі. Ғалымдардың жобасы «Ғылым қоры» АҚ-ның 2026-2028 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанды.
«Емдік қасиеті бар фитоингредиенттермен симбиотикалық микрофлораны ферменттеу негізінде жаңа сүт өнімдерін әзірлеу» жобасына 365 млн теңге көлемінде грант бөлінді.
Жобаның мақсаты – дәстүрлі Наурыз көже негізінде жаңа буынның функционалды сүт өнімін жасау. Қымыздық саңырауқұлақтың (комбуча) симбиотикалық микрофлорасын және арнайы іріктелген емдік қасиеті бар фитоингредиенттерді пайдалану сусынның тағамдық құндылығын арттырып, пайдалы қасиеттерін күшейтуге әрі сапасын жоғалтпай сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Жобаның ғылыми жетекшісі – техника ғылымдарының кандидаты Есмұрат Матеев. Технологияны әзірлеуге Марғұлан университетінің Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Бибігүл Жұмабекова да қатысады. Университет ғалымдары бірнеше жылдан бері ферменттелген сусындарды зерттеумен айналысып келеді. Байқаудағы жеңіс ғылыми әзірлемелерді өндірістік деңгейде енгізуге жол ашады.
Алдағы үш жыл ішінде ғалымдар индустриялық серіктеспен бірлесіп әзірленген технологияны өндіріске енгізіп, инновациялық өнімді нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Сусынның алғашқы партиясын 2026 жылдың соңына дейін өндіру көзделген. Инновациялық өнім Жамбыл облысындағы өндірістік алаңда шығарылатын болады.