
Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелламен кездесу өткізді.
Кездесуге Аризона университеті делегациясының өкілдері, аталған жоғары оқу орнымен стратегиялық серіктестікті табысты жүзеге асырып келе жатқан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт вице-министрі қатысты.
Тараптар жоғары білім, ғылым және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Кездесу барысында жоғары білікті кадрлар даярлау, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, технологиялар трансфері және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Саясат Нұрбек Аризона университетімен ынтымақтастық халықаралық академиялық серіктестіктің ең табысты үлгілерінің бірі екенін атап өтіп, оның жоғары білім сапасын арттыруға және Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
Кездесу барысында туристік білім беруді дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. ҚР Туризм және спорт вице-министрімен бірлесіп, тараптар Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Америка тарапы аталған университет базасында сертификаттық білім беру бағдарламаларын іске қосуға қызығушылық білдіріп, жобаны мемлекеттік қолдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мұндай бағдарламаларды іске асыру туристік салаға бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін қажетті кәсіби құзыреттерді, көшбасшылық қасиеттерді, кәсіпкерлік ойлау қабілетін және практикалық дағдыларды дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.
Туризм және спорт вице-министрі аталған бастаманы одан әрі пысықтауға дайын екенін жеткізді. Аризона университетінің президенті өз кезегінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға зор әлеует бар екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. Қол жеткізілген келісімдер жоғары білім мен ғылым жүйесінің дамуына, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның білім, ғылым және инновациялар саласындағы өңірлік орталық ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.