
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға арналған «Экономикалық құқықбұзушылықтарды тергеу» микробіліктілік бағдарламасын табысты жүзеге асырды.
Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп әзірленген бұл жоба жоғары оқу орны мен жұмыс беруші арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, білім алушыларға қысқа мерзімде тәжірибеге бағдарланған кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Биыл аталған микробіліктілікті тәмамдаған алғашқы 10 түлекке сертификаттар табысталды.
«Бағдарлама теориялық білім мен практикалық даярлықты ұштастырады. Түлектер дипломмен қатар микробіліктілік берілгенін растайтын сертификаттарға ие болды. Нәтижесінде олардың сегізі Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жұмысқа қабылданса, тағы екеуі кадр резервіне енгізілді», – деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров.
Студенттер 15 апта бойы теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Теориялық сабақтарды университет оқытушылары жүргізсе, тәжірибелік оқытуды Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары қамтамасыз етті. Бағдарлама түлектері бүгінде Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарындағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің құрылымдық бөлімшелерінде қызмет атқарып жатыр.
Қазіргі уақытта университет микробіліктілік бағдарламаларының аясын кеңейтіп келеді. Бүгінде 21 студент «Бастауыш мектептегі шахмат» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Ал қыркүйек айынан бастап 34 студент «1С: Бухгалтерлік есеп практикасы» бағдарламасын меңгеруге кіріседі.
Микробіліктілік бағдарламаларын дамыту – жоғары білімнің практикалық бағыттылығын күшейтудің және еңбек нарығының заманауи талаптарына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың тиімді тетіктерінің бірі.
2025-2026 оқу жылында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін 1 678 бакалавр мен 257 магистр тәмамдады. Университеттің мәліметінше, 2025 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 85 пайызды құрады.