
Ақтөбе қаласындағы Heriot-Watt University Ақтөбе кампусы 2026-2027 оқу жылына құжат тапсырған алғашқы талапкерді қарсы алды.
Алғашқы талапкер – Ресей Федерациясының азаматы Семен Штах. Ол «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламасына құжат тапсырды.
Талапкердің айтуынша, оқу орнын таңдауға британдық білім беру жүйесінің ерекшеліктері, халықаралық академиялық орта және компьютерлік инженерия саласы бойынша ұсынылатын білім беру бағдарламасының мазмұны мен сапасы негіз болған.
2026-2027 оқу жылына қабылдау науқаны 20 маусымда басталды. Қазіргі уақытта қабылдау комиссиясы талапкерлер мен олардың ата-аналарына білім беру бағдарламалары, мамандық таңдау, мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу тәртібі және құжаттарды рәсімдеу мәселелері бойынша күн сайын кеңес береді. Орта есеппен тәулігіне 150-200 азаматқа консультациялық қолдау көрсетіледі.
Құжат қабылдау белгіленген кестеге сәйкес жалғасады. Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады, ал ақылы негізде оқуға түсуге құжаттар 25 тамызға дейін қабылданады.
Ресей Федерациясынан келген талапкердің «Компьютерлік инженерия» бағдарламасын таңдауы Heriot-Watt University Ақтөбе кампусының халықаралық білім беру кеңістігіндегі тартымдылығын және инженерлік бағыттағы бағдарламаларға сұраныстың артып отырғанын көрсетеді.