Қазақстанда шетелдік студенттерді қолдау және олардың бейімделуіне бағытталған жаңа шаралар талқыланды

Қазақстанда шетелдік студенттерді қолдау және олардың бейімделуіне бағытталған жаңа шаралар талқыланды

Қазақстанда шетелдік студенттерді қолдау және олардың бейімделуіне бағытталған жаңа шаралар талқыланды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM, UN Migration) өңірлік үйлестірушісі Серхан Актопракпен кездесті.

Кездесу барысында министр жоғары білімді интернационалдандыру және шетелдік студенттерді қолдау бағытында Халықаралық көші-қон ұйымымен ынтымақтастықты дамыту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанға шетелдік талапкерлер мен студенттерді тартуға бағытталған білім беру бағдарламалары мен бастамалар туралы айтып, ұйым өкілдерін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының қызметімен танысуға шақырды.

IOM-ның өңірлік үйлестірушісі шетелдік студенттерді тарту, сондай-ақ STEM бағытындағы бағдарламаларды қоса алғанда инновациялық білім беру бастамаларын жүзеге асыру мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Ол көші-қон үдерістерін халықаралық құқықтық реттеудің қолданыстағы тетіктеріне қарамастан Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.

Серхан Актопрак Халықаралық көші-қон ұйымының қабылдаушы елдердегі шетел азаматтарын бейімдеу бағытында ауқымды халықаралық тәжірибесі бар екенін де атап өтті. Осыған байланысты тараптар Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттердің оқуына қолайлы жағдай жасау және олардың жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ұйым мәдени бейімделу бағдарламаларын, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы іс-шараларды, оның ішінде медициналық тексерулер мен консультациялар ұйымдастыруды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын пысықтау үшін бейінді құрылымдық бөлімшелер өкілдерінің қатысуымен бірлескен жұмыс тобын құруға, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум жобасын әзірлеуге кірісуге уағдаласты.