ҰТО ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ЖАҢА ҚАБЫЛДАУ ФОРМАТЫН ТАНЫСТЫРДЫ

ҰТО ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ЖАҢА ҚАБЫЛДАУ ФОРМАТЫН ТАНЫСТЫРДЫ

ҰТО ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ЖАҢА ҚАБЫЛДАУ ФОРМАТЫН ТАНЫСТЫРДЫ

ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінде өткен International Test Commission-2026 халықаралық конференциясында Қазақстандағы жоғары оқу орындарына қабылдаудың жаңа форматын таныстырды.

ITC конференциясы – білім беру және психологиялық өлшеулер саласындағы ең беделді халықаралық форумдардың бірі. Іс-шараға әлемнің 40-қа жуық елінен ғалымдар, психометриктер, тест әзірлеушілер және ETS, Pearson, Duolingo, Buros Center for Testing ұйымдарының өкілдері қатысты.

ҰТО директорының кеңесшісі Давид Орлов «XXI ғасырдағы Қазақстанның жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жаңғырту жолы» тақырыбында баяндама жасап, жаңа ұлттық бағалау құралы ретінде әзірленіп жатқан Admissions Insight Test (AIT) жобасын таныстырды. Ол талапкерлердің білім деңгейімен бірге, сыни ойлауын, коммуникациясын, сандық, цифрлық және ЖИ сауаттылығын, академиялық жазу және креативті ойлау дағдыларын бағалауға бағытталған. Жоба Educational Testing Service (ETS) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Үш жылға жоспарланған ынтымақтастық 2029 жылға дейін жалғасады.

Баяндамада жобаның алғашқы екі кезеңінің нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, алты зерттеу жүргізіліп, халықаралық салыстырмалы талдау жасалды, қолданыстағы емтиханның психометриялық сапасы мен технологиялық инфрақұрылымына бағалау жүргізілді, төрт мыңнан астам респондент арасында сауалнама өткізілді және басқа да зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылды.

7-17 шілде аралығында ETS сарапшылары қазақстандық мамандармен бірлескен жұмысты жалғастырады. Одан кейін ҰТО қызметкерлері мен тест әзірлеушілері АҚШ-тағы ETS ұйымында төрт айлық ғылыми тағылымдамадан өтеді.

AIT жобасы конференцияға қатысушылардың жоғары қызығушылығын тудырды. Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін реформалауға бағытталған ұсынылған тәсілді оң бағалап, оның әлемдік үрдістерге сай келетін заманауи бағалау моделі ретіндегі әлеуетін атап өтіп, жобаның одан әрі дамуына қызығушылық танытты.