
Мемлекет басшысы «Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Психологиялық қызмет көрсету саласында бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға, азаматтардың сапалы психологиялық көмек алуына бағытталған Заң Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Сондай-ақ психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды күшейту көзделген. Атап айтқанда, кәсіптік стандарт енгізіліп, мамандардың даярлық деңгейіне, кәсіби құзыреттеріне және біліктілігіне нақты талаптар белгіленеді.
Сонымен қатар психологтардың Әдеп кодексі бекітіліп, кәсіби жауапкершілік пен құпиялылық қағидаттарын сақтау қамтамасыз етіледі. Психологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында ғылыми негізделген әдістерді қолдану талабы енгізіліп, мамандардың кәсіби дамуын қолдайтын супервизия институты қарастырылған.
Заң аясында психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу көзделіп отыр. Бұл мемлекеттік тізілімге енген психологтар өз ісіне жауапкершілікпен қарауға міндетті болады.
Сондай-ақ психологтарды сертификаттау институты енгізіледі. Сертификаттау маманның кәсіби даярлығы мен біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.
Осы Заң жобасы бойынша Министрліктің рөлі:
✔ Психологты кәсіптік даярлау психология саласында бейінді кафедралары бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында жүзеге асырылатын болады.
✔ Психологтың біліктілігін арттыру жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда, ғылыми ұйымдарда, біліктілікті арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда кемінде бес жылда бір рет жүзеге асырылатын болады.
Жалпы заң психологиялық қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіруге, көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, азаматтардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған маңызды құқықтық негіз болады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Заң жобасы бойынша ҚР Үкіметі қорытындысын дайындауға және ҚР Парламентінде Заңның қабылдануының барлық сатысында белсенді қатысты.