ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде министр Саясат Нұрбектің Lightspeed Venture Partners венчурлік қорының серіктестерімен ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында технологиялық инновациялар мен жоғары білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағыттары, сондай-ақ оны іске асырудың нақты тетіктері жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында министр еліміздің қазіргі жетістіктері мен стратегиялық даму басымдықтарымен таныстырды. Пікір алмасу барысында Саясат Нұрбек нысаналы білім беру гранттарының бөлінуі және халықаралық Astana Hub стартаптар технопаркінің қызметі туралы айтты. Сонымен қатар қазақстандық тарап бүгінде мемлекет жастардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға басымдық беріп отырғанына ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Lightspeed Venture Partners өкілдері компанияның қызметін таныстырып, серіктес елдерінің географиясы мен әлемдік нарықтағы негізгі қызмет бағыттары туралы қысқаша ақпарат берді. Шетелдік инвесторлар Қазақстанның жоғары даму қарқынын ерекше атап өтіп, өзара ынтымақтастықты нығайтуға зор қызығушылық танытатындарын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Шетелдік серіктестер Қазақстанның халықаралық ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтіп, еліміздің жасанды интеллект технологияларын дамыту мен енгізуге қолайлы орта қалыптастырғанын және осы бағыттағы бірлескен жобаларды іске асыруға жоғары әлеуетке ие екенін жеткізді.