
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің канадалық Georgian College делегациясымен ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасында инженерлік және медициналық кадрларды даярлау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды.
Келіссөздер барысында оқу орнының өкілдері қызметтің негізгі бағыттары, стратегиялық басымдықтар мен білім беру бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды. Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен ұзақ мерзімді серіктестікті дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде министр кездесуге қатысушыларды елдегі жоғары білім саласында жүргізіліп жатқан өзгерістер туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ол жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі бастамалардың іске асырылуы, олардың кадрлар даярлау сапасын арттыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және халықаралық білім беру ынтымақтастығын кеңейту үшін маңыздылығы туралы айтып берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті нығайтуға өзара мүдделілікті растады, сындарлы диалог үшін алғыс білдірді және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективалы бағыттарын пысықтау мақсатында сарапшылық және жұмыс деңгейінде өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.