Ғылым министрлігінде Президент атынан Конституцияның жаңа басылымы табысталды

Ғылым министрлігінде Президент атынан Конституцияның жаңа басылымы табысталды

Ғылым министрлігінде Президент атынан Конституцияның жаңа басылымы табысталды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде ҚР Конституциясының жаңа редакциясын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Конституцияның жаңа редакциясын іске асыру жөніндегі жұмыс кеңесінің мүшелері, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Конституция бойынша кешенді бағдарлама мен ғылыми түсіндірме әзірлеу үшін құрылған жұмыс тобының мүшелері, сондай-ақ Ата Заңды халық арасында түсіндіру жұмыстарына белсенді атсалысқан жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясының 1 шілдеден бастап күшіне енуіне орай ұйымдастырылды. Конституцияның жаңа басылымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ғылыми қауымдастық өкілдеріне табысталды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек заңгер-ғалымдар мен жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына арнап сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Ата Заңымыз – еліміздің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуының берік негізі». Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы ғана емес, ол еліміздің даму бағытын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын басты құжат. Сондықтан оның мәні мен мазмұнын халыққа түсінікті тілде жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы белсенді жұмыс атқарып келеді. Биылғы ақпан-маусым айлары аралығында республика көлемінде конституциялық реформаның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған шамамен 2500 іс-шара ұйымдастырылды. Осы маңызды іске қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Конституцияны халыққа түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес Конституцияның нормаларын ғылыми тұрғыдан зерделеу және қоғамға кеңінен түсіндіру үшін министрдің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобы екі негізгі бағыт бойынша қызмет атқарады. Бірінші бағыт – халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыруға, Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарын жан-жақты түсіндіруге арналған кешенді бағдарлама әзірлеу. Екінші бағыт – Конституция нормаларының мазмұнын, мәнін және қолданылу тәртібін ғылыми-құқықтық тұрғыдан түсіндіретін ғылыми түсіндірме дайындау.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ және академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалайыри сөз сөйледі.

Іс-шара Конституцияның жаңа редакциясының құндылықтарын кеңінен дәріптеуге және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ғылыми қауымдастықтың қосатын үлесінің маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.