Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға арналған стратегиялық семинар өтті

Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға арналған стратегиялық семинар өтті

Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға арналған стратегиялық семинар өтті

Астанада Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «Жасанды интеллект Қазақстан үшін: негіздер, мүмкіндіктер және практикалық қадамдар» тақырыбында стратегиялық семинар өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін біріктірген семинардың мақсаты – жасанды интеллектінің қазіргі мүмкіндіктері, оны мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік салада тиімді пайдалану жөнінде ортақ түсінік қалыптастыру, сондай-ақ басшыларды AI-трансформацияның үздік халықаралық тәжірибелерімен таныстыру.

Семинардың негізгі спикері – 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің мүшесі, жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы доктор Кай-Фу Ли.

Семинар барысында жасанды интеллектіні дамытудың жаһандық үрдістері, үлкен тілдік модельдерден AI-агенттерге көшу, ұйымдардың қызметіне жасанды интеллектіні енгізу тәсілдері, мемлекеттік басқару мен бизнестің тиімділігін арттыруға арналған заманауи құралдар талқыланды. Сондай-ақ ұлттық AI-құзыреттерді дамыту, цифрлық егемендікті нығайту, инженерлік кадрлар даярлау және ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Оқу модульдерінің бірі Vibe Coding тәсіліне арналды. Бұл – жасанды интеллект цифрлық өнімдерді әзірлеу процесінде толыққанды көмекшіге айналатын бағдарламалау тәсілі. Бүгінде бұл әдіс әзірлеу үдерістерін жаңғыртып, цифрлық шешімдерді жасау мерзімін қысқартып, олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.

«Бүгінде әлем адамзат тарихындағы ең ауқымды технологиялық революцияның жаңа кезеңіне қадам басты. Біз чат-боттар дәуірінен күрделі міндеттерді өз бетінше орындай алатын, шешім қабылдауға қолдау көрсететін және ұйымдардың жұмысын түбегейлі өзгертетін AI-агенттер дәуіріне өтудеміз. Осы технологияларды бүгіннен бастап тиімді енгізген елдер алдағы жылдары стратегиялық басымдыққа ие болады», – деді доктор Кай-Фу Ли.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллектіні табысты енгізу ең алдымен басшылардың жаңа технологияларды күнделікті жұмыста қолдануға дайындығына байланысты екенін атап өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан мен 01.AI компаниясының бірлескен кәсіпорны – Q.AI құрылғаны жарияланды. Компания Қазақстанға бейімделген үлкен тілдік модельдерді, AI-агенттерді, корпоративтік AI-платформаларды және мемлекеттік сектор мен бизнеске арналған өзге де цифрлық трансформация шешімдерін әзірлеумен және енгізумен айналысады.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында еліміз заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту, халықаралық серіктестікті кеңейту және мемлекеттік басқару мен экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарын дәйекті түрде жалғастырып келеді.