
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің делегациясы вице-министр Гүлзат Көбенованың жетекшілігімен Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында өткен Қытай мен Орталық Азияның өндіріс, білім беру, ғылыми зерттеулер және практикалық қолдану салаларындағы ынтымақтастық конференциясына қатысты.
Конференция Қытай мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және кәсіпорындарының өкілдерін бір алаңға жинады.
Конференция барысында сөз сөйлеген вице-министр Гүлзат Көбенова Қазақстанның жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы даму тәжірибесімен бөлісіп, Қытай Халық Республикасымен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған негізгі бастамаларды таныстырды.
Сөз барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия - Қытай» екінші саммитінде көтерген 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Аталған бастаманың Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру арқылы бүгінде нақты жүзеге асып келе жатқаны атап өтілді.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың негізгі нәтижелері, оның ішінде Қазақстанда жетекші Қытай университеттерінің филиалдарын ашу және Лу Бань шеберханалары желісін құру жұмыстары таныстырылды.
Сонымен қатар вице-министр Үрімші кәсіптік университетіне барып, оқу орнының қызметімен, заманауи білім беру және оқу-өндірістік инфрақұрылымымен, сондай-ақ инженерлік-техникалық кадрларды даярлау тәжірибесімен танысты. Ерекше назар Үрімші кәсіптік университеті мен Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университетінің Қазақстанда үшінші Лу Бань шеберханасын құру жөніндегі бірлескен жобасына аударылды.
Конференция жұмысына Қазақстанның 10-нан астам жоғары оқу орнының өкілдері де қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай университеттері арасында университетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Қазақстандық делегацияның конференцияға қатысуы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға, сондай-ақ экономика мен технологиялық дамудың заманауи талаптарына жауап беретін жоғары білікті кадрлар даярлауға өзара мүдделілігін тағы бір мәрте растады.