
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне Италия Республикасының Марке политехникалық университетінің (UNIVPM) ректоры Энрико Куальярини бастаған делегация ресми сапармен келді.
Кездесу барысында Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев Қазақстан мен Италия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың даму барысы, сондай-ақ Жетісу университеті базасында ашылған Марке политехникалық университеті филиалының қызметі туралы баяндады.
UNIVPM ректоры, профессор Энрико Куальярини Жетісу өңіріне келгеніне қуанышты екенін білдіріп, екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестіктің маңыздылығына тоқталды.
- Жетісу университетімен қалыптасқан ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Бұл серіктестік студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, екі университет арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі, - деді профессор Энрико Куальярини.
Ресми кездесу аясында екі университет басшысы қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы келісімге қол қойды. Алдағы уақытта «Ақпараттық жүйелер - Компьютерлік инженерия және автоматтандыру» (бакалавриат), «Экономика - Әлемдік экономика және коммерция» және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары - Жер және ауыл шаруашылығы ғылымдары» (магистратура) бағыттары бойынша жаңа бағдарламалар жүзеге асырылатын болады.
Салтанатты жиында профессор Энрико Куальяриниге халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Жетісу университетінің «Құрметті профессоры» атағы табысталды.
Сапар барысында делегация университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, UNIVPM филиалының қызметімен және заманауи зертханалардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Агрономия» қос дипломды білім беру бағдарламасының студенттерімен кездесу өткізіліп, бағдарламаны іске асырудың нәтижелері таныстырылды.
Атап айтқанда, жаңа оқу жылында аталған бағдарлама бойынша алғашқы бес студент оқуын жалғастыру үшін Италияның Анкона қаласындағы Марке политехникалық университетіне жол тартады. Сонымен қатар биыл «Агрономия» білім беру бағдарламасының 12 студенті итальян тілінің қарқынды курсын аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болды.
Іс-шара аясында университет ректорлары болашақ ұрпаққа арналған үндеу хаттар сақталған Уақыт капсуласын орнатып, Марке филиалы аллеясына ағаш отырғызды. Бұл бастамалар білім мен ғылым саласындағы халықаралық серіктестіктің нығаюын, ұрпақтар сабақтастығын және болашаққа деген ортақ сенімді айқындай түсті.