СӘТБАЕВ УНИВЕРСИАДАСЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ЖАС ГЕОЛОГТАРЫН БІРІКТІРДІ

СӘТБАЕВ УНИВЕРСИАДАСЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ЖАС ГЕОЛОГТАРЫН БІРІКТІРДІ

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Простор» жазғы экспедициялық лагері базасында III Қазақстандық «Сәтбаев» геологиялық универсиадасы және «KazUzGeoNomads» халықаралық жазғы мектебінің қорытынды кезеңі өтіп жатыр.

Іс-шаралар Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының студенттерін, жас ғалымдары мен оқытушыларын бір алаңға жинады. Қатысушылар қатарында Satbayev University, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Назарбаев Университеті, Каспий университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Геологиялық барлау колледжі, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Геология ғылымдары университетінің өкілдері бар.

Универсиада мен халықаралық жазғы мектептің негізгі мақсаты – практикаға бағдарланған инженерлік білім беруді дамыту, болашақ геологтардың кәсіби құзыреттерін жетілдіру, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен өндіріс өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл бастамалар инженерлік кадрларды даярлау сапасын арттыруға, жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және білім, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын күшейтуге бағытталған ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына толық сәйкес келеді.

Лагерьдің экспедициялық форматы қатысушыларға геологиялық барлау жұмыстарының нақты жағдайларына барынша жақын тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Іс-шара барысында студенттер кәсіби дағдыларын жетілдіріп, зерттеудің заманауи әдістерін меңгереді және далалық жағдайда жұмыс істеу тәжірибесін алады.

Бағдарлама аясында далалық маршруттар, минералогия бойынша жарыстар, геологиялық қималарды сипаттау, петрографиялық талдау элементтері, білім беру консультациялары мен практикалық тапсырмалар ұйымдастырылған.

Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі«Қазмырыш» компаниясының «Риддер-Сокольное» кен орнына бару болды. Мұнда қатысушылар кен орындарын игерудің заманауи технологияларымен және еліміздің тау-кен металлургия кешеніндегі жетекші кәсіпорындардың бірінің өндірістік үдерістерімен танысады. Сондай-ақ бағдарламада Бұқтырма су электр станциясына бару қарастырылған.

III Қазақстандық «Сәтбаев» геологиялық универсиадасы мен «KazUzGeoNomads» халықаралық жазғы мектебі адами капиталды дамытуға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның геология және тау-кен металлургиясы салалары үшін жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауға елеулі үлес қосып келеді.