ҚР Ғылым министрі Брюссельде Еуропаның жетекші ғылыми ұйымдарымен келіссөздер жүргізді

ҚР Ғылым министрі Брюссельде Еуропаның жетекші ғылыми ұйымдарымен келіссөздер жүргізді

Брюссельде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Еуропаның жетекші университеттік және ғылыми ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.

The Guild (Еуропаның жетекші зерттеу университеттерінің қауымдастығы) ұйымының Бас хатшысы Ян Палмовскимен өткен кездесуде қазақстандық жоғары оқу орындарының Еуропаның беделді университеттерімен серіктестігін кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды дамыту, Horizon Europe бағдарламасы аясында өтінімдер әзірлеу және халықаралық консорциумдар құру мәселелері талқыланды.

LERU (Еуропалық зерттеу университеттері лигасы) Бас хатшысы Курт Декетеларемен ғылыми мектептері қалыптасқан және зерттеу әлеуеті жоғары университеттермен ынтымақтастықты дамыту перспективалары қарастырылды. Кездесу барысында академиялық ұтқырлықты кеңейту, диссертациялық жұмыстарға бірлесіп ғылыми жетекшілік ету, шетелдік профессорларды тарту, ғылыми мектептерді дамыту және қазақстандық ғалымдардың халықаралық зерттеу желілеріне қатысуы негізгі назарда болды.

EUA (Еуропалық университеттер қауымдастығы) өкілі Томас Эстерманмен университеттердің академиялық дербестігі, ғылымды тұрақты қаржыландыру, жоғары оқу орындарын басқару жүйесін жетілдіру және олардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың Басқарушылар кеңесіндегі Еуропалық одақтың өкілі Мария Роза Сабателлимен жеке кездесу өтті. Онда Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың зерттеу топтарын қолдау, бірлескен ғылыми және инновациялық бастамаларды іске қосу, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ғылыми ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететін тиімді алаң ретіндегі рөлі сөз болды.

Германияның Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілдерімен Horizon Europe тетіктері арқылы Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды. Атап айтқанда, бірлескен өтінімдер дайындау, халықаралық консорциумдарға қатысу, ғылым, технология және инновациялар салаларындағы басым бағыттар бойынша серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.

Өткізілген кездесулер ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға, қазақстандық университеттердің еуропалық зерттеу кеңістігіне қатысуын кеңейтуге және Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған қатысушы мәртебесіне қол жеткізуіне ықпал етуге бағытталған.