Атырауда көміртексіз «ақылды» ауыл шаруашылығының демонстрациялық паркі құрылады

Атырауда көміртексіз «ақылды» ауыл шаруашылығының демонстрациялық паркі құрылады

Германияның Мюнхен қаласында өтіп жатқан күн энергетикасы саласындағы әлемдегі ең ірі көрме Intersolar Europe 2026 аясында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Қытайдың жетекші технологиялық компаниясы Shanghai Aiko Solar Energy Company Limited (AIKO)-пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы және озық технологиялар трансфері салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Қол жеткізілген келісімдер аясында Utebayev University-дің жаңа кампусы базасында AIKO-AOGU Zero-Carbon Smart Agriculture Demonstration Park көміртексіз «ақылды» ауыл шаруашылығының демонстрациялық паркін құру жоспарланып отыр. Бұл жоба озық инновациялық шешімдерді енгізуге арналған бірлескен ғылыми-білім беру және технологиялық алаңға айналады.

Бұл жоба Атырау облысының қуаң континенттік климаты мен су қорының шектеулілігі жағдайында ауыл шаруашылығын тиімді жүргізудің озық тәжірибесін таныстыратын ғылыми-білім беру және технологиялық алаң болмақ. Демонстрациялық парк аясында баламалы энергетика, цифрлық технологиялар және инновациялық агроөндіріс салаларындағы заманауи шешімдер бір жүйеге тоғыстырылып, олардың тәжірибеде қолданылуы көрсетіледі.

Болашақ кешенде күн энергетикасы, жасанды интеллект, ресурстарды цифрлық басқару жүйелері, су үнемдеу технологиялары және автоматтандырылған ауыл шаруашылығы шешімдері кеңінен қолданылатын болады. Сонымен қатар жоба аясында тұрақты өндірістің қосымша бағыты ретінде аквамәдениет саласын дамыту мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Жоба бірнеше маңызды стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған, - деп атап өтті университет ректоры Гүлзада Шакуликова. - Алғашқы кезеңде күн энергиясымен жұмыс істейтін жылыжайлар мен демонстрациялық ауыл шаруашылығы алқаптарын құру жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ интеллектуалды суару және фертигация жүйелері, суды қайта пайдалану инфрақұрылымы, күн электр станциялары мен энергия сақтау жүйелері, цифрлық басқару және мониторинг платформалары іске қосылады. Бұған қоса AIKO-AOGU бірлескен көрме, оқу және ғылыми-зерттеу орталығы құрылады.

Жоба ең алдымен университеттің ғалымдары мен студенттері үшін үлкен мүмкіндіктер есігін ашады. Олар халықаралық деңгейдегі зерттеулерге қатысып, нысандардың цифрлық егіздері, жасыл сутегі және экологиялық трендтерді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады.

Бұл бастама Utebayev University-дің жасыл технологияларды дамыту, цифрлық трансформацияны жеделдету және Атырау қаласын Орталық Азиядағы жаңа энергетика мен тұрақты даму саласындағы жетекші инновациялық орталыққа айналдыру бағытындағы стратегиялық ұстанымын тағы бір мәрте айқындап отыр.