
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым – қоғам игілігіне» айдары аясында отандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы жарияланымдар легін жалғастырамыз. Сәтбаев университетінің ғалымдары металл және бетон конструкциялардың техникалық жағдайын үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін заманауи талшықты-оптикалық датчиктерді табысты сынақтан өткізді.
Ғылыми жоба аясында инженерлік құрылыстардың қауіпсіздігін арттыруға арналған Брэгг торлары (FBG) негізіндегі инновациялық мониторинг жүйесі зерттеліп, оның тиімділігі дәлелденді. Зерттеу жұмысы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруы аясында жүзеге асырылды.
Жобаның басты мақсаты – металл және бетон конструкциялардың кернеулі-деформацияланған күйін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін отандық технологиялық шешімдерді әзірлеу. Әзірленген жүйе құрылыс нысандарының жай-күйіндегі өзгерістерді ерте кезеңде анықтап, ықтимал ақаулар мен апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында талшықты-оптикалық датчиктер металл және бетон үлгілеріне орнатылып, арнайы әзірленген эксперименттік стендте жан-жақты сынақтан өтті. Ғалымдар дәстүрлі электрлік тензометриялық әдістермен салыстырмалы талдау жүргізіп, жаңа технологияның жоғары дәлдік пен сенімділік көрсететінін анықтады.
Сынақ нәтижелері талшықты-оптикалық датчиктердің электромагниттік кедергілерге, коррозияға және агрессивті орта әсеріне төзімді екенін көрсетті. Бұл технологияны көпірлерде, туннельдерде, өндірістік нысандарда, тұрғын үй кешендерінде және көлік инфрақұрылымында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Жоба жетекшісі, PhD, профессор Нұржігіт Смайловтың айтуынша, талшықты-оптикалық мониторинг жүйелері құрылыс нысандарының бүкіл пайдалану мерзімі бойы олардың қауіпсіздігін бақылауға жағдай жасайды.
«Бұл технология конструкциялардың жай-күйін үздіксіз бақылауға мүмкіндік беріп, ақауларды ерте анықтауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Нәтижесінде нысандардың сенімділігі артып, пайдалану шығындары төмендейді», - деді ғалым.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстанда интеллектуалды құрылымдық мониторинг жүйелерін дамытуға арналған ғылыми-техникалық негіздің қалыптасуы. Мұндай технологияларды енгізу инфрақұрылымдық нысандардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарын азайту арқылы экономикалық тиімділік береді.
Сонымен қатар бұл бағыт жоғары технологиялық өндірістердің дамуына, инженерлік кадрларды даярлауға және отандық ғылыми әзірлемелердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Жобаға университеттің магистранттары мен докторанттары белсенді қатысып, заманауи өлшеу жүйелерімен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтады. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми конференцияларда таныстырылып, ғылыми басылымдарда жарияланды.
Ғылыми жұмыс шетелдік әріптестермен бірлесіп жүзеге асырылды. Халықаралық ынтымақтастық әлемдік озық тәжірибелерді қолдануға және зерттеу нәтижелерінің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Аталған жоба Қазақстанның құрылыс және өнеркәсіп салаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа кезеңіне жол ашып, отандық ғылымның инженерлік инфрақұрылымды цифрландыру бағытындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.