
Черногория Президенті Яков Милатович Maqsut Narikbayev University-де болды. Кездесу барысында ол жүзден астам студентке дәріс оқып, сұрақтарына жауап берді. Черногория көшбасшысы Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен алғаш рет ресми сапармен келген. Іс-шараға сондай-ақ Черногорияның бірінші ханымы Милена Милатович, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, MNU Провосты Анар Ибраева, черногориялық үкіметтік делегацияның мүшелері қатысты.
Яков Милатович «Балқан және Орталық Азиядағы сыртқы саясат: күрделі геосаяси ландшафтта бағдарлау» тақырыбында сөз сөйледі. Черногория Президенті Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші саяси және экономикалық күшке айналғанын мәлімдеді.
«Қазақстан өзінің теңдестірілген әрі салмақты көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында өңірлік тұрақтылықтың берік тірегіне айналды. Еліміздің ұстанымына әлемнің жетекші мемлекеттері айрықша мән береді. Терең геосаяси өзгерістер кезеңінде Қазақстанның рөлі барған сайын артып, жаһандық ықпалдың жаңа тепе-теңдігін қалыптастыруда маңызды теңгерімдеуші күш ретінде танылып келеді. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары мен миссиясына берік адалдығының арқасында Қазақстан Черногорияның сыртқы саясатындағы үшінші басымдық ретінде айқындалған БҰҰ құндылықтарын ұстанудың жарқын үлгісі әрі біз үшін шабыт көзі болып отыр», - деді Яков Милатович.
Черногория көшбасшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ны жан-жақты реформалау қажеттігі туралы ұсынысын қолдады. Яков Милатович екі мемлекет те тұрақты әрі гүлденген халықаралық тәртіп халықаралық ынтымақтастыққа, халықаралық құқықты құрметтеуге және дауларды бейбіт жолмен реттеуге негізделуі тиіс деген ортақ сенімге ие екенін атап өтті. Сондай-ақ ол студенттердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында Черногория Президенті студенттермен өзінің жеке тәжірибесімен бөлісті. Студенттер Яков Милатовичтің әлемдегі климаттың өзгеруі мен «интеллектуалды көші-қон» салдары және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту туралы пікірін сұрады. Іс-шараға қатысушылар Черногорияның Еуропалық Одаққа кіру перспективаларына да қызығушылық танытты.
Айта кетейік, бұған дейін MNU-да студенттердің Франция, Германия, Нидерланд және Финляндия көшбасшыларымен кездесулері өткен болатын.