
Қазақстан ғылымының дамуына жас зерттеушілердің қосып жатқан үлесі жыл сайын артып келеді. «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің биология, химия ғылымдары және қоршаған орта білім беру бағдарламаларының жетекшісі, PhD Серік Бакиев жайлы айтып өтеміз. Оның ғылыми ізденістері су экожүйелерінің биоалуантүрлілігін сақтау, аквакультураны дамыту, антибиотикке төзімді бактерияларды зерттеу және молекулалық генетика салаларындағы өзекті мәселелерді қамтиды.
Серік Бакиев ғылым жолын студент кезінен-ақ бастап, 2015-2017 жылдары Жайық-Каспий популяциясындағы бекіре тұқымдас балықтардың тірі генетикалық банкін қалыптастыру жобасына қатысты. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдап, жасанды жағдайда бекіре балықтарын көбейту және олардың эмбрионалдық даму ерекшеліктерін зерттеуге арналған ғылыми жұмыстар жүргізді.
Ғалымның зерттеушілік бағыты одан әрі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі докторантура кезеңінде жаңа деңгейге көтерілді. Ол бактериофаг эндолизиндерін пайдалану арқылы бекіре тұқымдас балықтардың бактериялық патогендерін залалсыздандыру тиімділігін зерттеп, осы тақырып бойынша PhD дәрежесін иеленді. Диссертациялық жұмыс аясында Сингапурдың Наньян технологиялық университетімен ғылыми ынтымақтастық орнатылып, зерттеу нәтижелері өндіріске енгізілді. Бүгінде бұл әзірлемелер Орал қаласындағы аквакультура саласында бекіре балықтарын емдеуде қолданылып келеді.
2025 жыл Серік Бакиевтің ғылыми қызметіндегі маңызды белес болды. Қазақстандық ғалымдар тобымен бірлесіп ол ғылымға бұрын белгісіз болған Aeromonas oralensis атты жаңа бактерия түрін анықтады. Сонымен қатар ғылым мен технология саласындағы елеулі жетістіктері үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.
Жас ғалымның еңбегі бұған дейін де жоғары бағаланған. Ол Батыс Қазақстан облысының «Жыл көшбасшысы – 2017» жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» аталымының лауреаты атанса, кейін ТМД көлеміндегі «Үздік жас ғалым – 2022» төсбелгісіне ие болды.
Серік Бакиевтің ғылыми қызығушылықтары су экожүйелеріндегі шартты-патогенді микроорганизмдерді анықтау, олардың антибиотиктерге төзімділігін бағалау, молекулалық-генетикалық сәйкестендіру, сондай-ақ жануарлар мен қоршаған ортадағы микробиологиялық қауіпсіздік мәселелерін зерттеуді қамтиды. Оның жетекшілігімен және қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобаларда табиғи және жер асты суларының микробиомын зерттеу, эндофитті бактерияларды бөліп алу, экожүйелердегі антибиотикрезистенттіліктің таралуын бағалау сияқты өзекті ғылыми міндеттер шешіледі.
Ғалым соңғы жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар қаржыландыратын көптеген гранттық және бағдарламалық-мақсатты жобалардың орындаушысы әрі жетекшісі ретінде еңбек етіп келеді. Оның ғылыми қызметі балық шаруашылығы, биотехнология, экология және молекулалық биология салаларын тоғыстыра отырып, ғылым нәтижелерін нақты өндіріске енгізуге бағытталған.
Зерттеуші ғылыми жұмыспен қатар педагогикалық қызметті де қатар алып жүр. Ол М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде студенттерге Genetics, Environmental Indication, өсімдіктер мен жануарлар экологиясы және басқа да пәндерден дәріс оқиды. Сонымен бірге жоғары білім беру жүйесінде кәсіби шеберлікті жетілдіру курстарынан тұрақты өтіп, білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға үлес қосып келеді.
Жас ғалымның ғылыми жарияланымдарының саны 59-ға жеткен. Оның ішінде халықаралық Web of Science және Scopus базаларында индекстелетін беделді журналдарда жарияланған мақалалары, монографиялары, патенттері мен практикалық ұсынымдары бар. Ғалымның бірқатар зерттеулері БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына, әсіресе теңіздер мен су ресурстарын сақтау және оларды ұтымды пайдалану бағытындағы бастамаларға үлес қосады.
Серік Бакиев – іргелі зерттеулерді тәжірибемен ұштастыра отырып, отандық ғылымның халықаралық деңгейде танылуына еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдардың жарқын өкілдерінің бірі.