
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің білім министрлерінің 10-кеңесіне қатысты.
Кеңес барысында салалық ведомстволардың басшылары ұлттық білім беру жүйелерін дамыту, инновациялық экономика үшін кадрлар даярлау, ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ 2027-2029 жылдарға арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының басым бағыттарын талқылады.
Өз сөзінде Гүлзат Көбенова технологиялардың қарқынды дамуы, экономиканың цифрлық трансформациясы және жоғары білікті мамандарға деген сұраныстың артуы жағдайында білім, ғылым және инновация мемлекеттердің орнықты дамуының негізгі факторларына айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан жоғары білім мен ғылым жүйесін жаңғыртуға, университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға, жас ғалымдарды қолдауға, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инженерия және экономиканың басқа да жоғары технологиялық салалары үшін кадрлар даярлауға бағытталған реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
Қазақстан тарапы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Атап айтқанда, ШЫҰ университетін академиялық өзара іс-қимылдың негізгі платформасы ретінде одан әрі дамыту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер тәжірибесін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша халықаралық зерттеу консорциумдарын құру жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім министрлері кеңесі аясында өткен іс-шаралар барысында Гүлзат Көбенова ШЫҰ университетінің конференциясында да сөз сөйледі. Онда бүгінде Қазақстанның 20-дан астам жоғары оқу орны ШЫҰ университетінің жұмысына қатысып, ұйымға мүше мемлекеттердің серіктес университеттерімен бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асырып жатқаны атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар 2035 жылға дейінгі ШЫҰ университетінің жаңартылған тұжырымдамасын бекітті, ШЫҰ университеті аясында Халықаралық математика ғылыми орталығын құруды қолдады, білім министрлерінің 10-кеңесінің Минск бастамасын мақұлдады және академиялық ұтқырлықты, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын одан әрі дамытуға бейілділігін растады.
«XXI ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен білім беру сапасымен, ғылымның даму деңгейімен және жаңа білім қалыптастыру қабілетімен айқындалады. Сондықтан ШЫҰ аясындағы білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық өңіріміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуының негізгі факторларының біріне айналуға тиіс», - деп атап өтті Гүлзат Көбенова.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ШЫҰ аясындағы білім беру, ғылым және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ адам капиталын және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін растайды.