
Геология саласындағы жас ғалымдар мен студенттердің басын қосқан «KazUzGeoNomads» халықаралық жазғы мектебі 25 мамырда Өзбекстан Республикасының Навои қаласында басталып, 1 маусымда Ташкентте жалғасын тапқан болатын. Бағдарламаның келесі кезеңі 15-19 маусым аралығында Атырау қаласында өтіп жатыр.
Жазғы мектепке қатысушылар қатарында халықаралық деңгейдегі жетекші серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері бар. Атап айтқанда, Геология ғылымдары университеті (Өзбекстан), Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті (Қазақстан) және China University of Petroleum – Beijing at Karamay (Қытай) студенттері мен жас ғалымдары бар.
Қатысушылар университет базасындағы бірегей оқу алаңы – индустриалды-инновациялық полигонда тағылымдамадан өтеді. Бұл жас зерттеушілерге теориялық білімді өндірістік деңгейде, заманауи құрылғылармен жұмыс істеу барысында іс жүзінде бекітуге мүмкіндік береді. «KazUzGeoNomads» – шекаралас мемлекеттердің ғылыми әлеуетін біріктіретін, болашақ жас геологтардың кәсіби дамуына серпін беретін диалог алаңы, - деп атап өтті Utebayev University ректоры Гүлзада Шакуликова.
Жоба геология саласындағы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, халықаралық тәжірибе алмасу, ғылыми-білім беру байланысын нығайту бағытында қолға алынған. Бес күнге созылатын бағдарлама аясында қатысушылар мұнайлы өңірдің геологиялық ерекшеліктерімен танысады. Арнайы ұйымдастырылған далалық және зертханалық зерттеулерге қатысады. Сонымен қатар геология мен мұнай-газ саласының жетекші ғалымдары мен өндіріс мамандарының дәрістерін тыңдайды.