
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Малайзиядағы Sunway University президенті әрі вице-канцлері Поппема Сибрандеспен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Ақтау қаласында Sunway University филиалын ашу перспективаларын, сондай-ақ жоғары білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Министр қазақстандық жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, шетелдік студенттерді тарту және әлемнің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу жөніндегі бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Sunway University президенті Поппема Сибрандес оқу орнының жетістіктері мен стратегиялық даму бағыттары жөнінде баяндады. Ол университет түлектеріне еңбек нарығында жоғары сұраныс бар екенін атап өтіп, бұл көрсеткіш бойынша оқу орны Малайзияның жоғары оқу орындары арасында жетекші орындардың бірін иеленетінін айтты. Сонымен қатар университет басшысы 2030 жылға дейін оқу орнының академиялық беделін одан әрі нығайтып, халықаралық деңгейдегі абыройын арттыру жоспарлары туралы мәлімдеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға өзара мүдделі екендерін растады.
Аталған келіссөздер Қазақстан мен Малайзия арасындағы өзара сенім мен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін айқын көрсетті. Сондай-ақ олар жаңа бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндік қалыптастырды.