
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Германияның Рур университеттері альянсы өкілдерінің қатысуымен «Халықаралық білім беру STEMCamp» атты Халықаралық білім және ғылым апталығы өтті. Альянс құрамына Бохумдағы Рур университеті, Дортмунд техникалық университеті және Дуйсбург-Эссен университеті кіреді. Бұл жоғары оқу орындары халықаралық академиялық ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми жобаларды белсенді дамытып келе жатқан Германияның жетекші ғылыми-білім беру орталықтары болып саналады.
Іс-шараларға 130-дан астам мектеп оқушысы, сондай-ақ Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ магистранттары, докторанттары мен жас ғалымдары қатысты. Оқушылар үшін химия, биология, машина жасау және инженерлік бағыттар бойынша тәжірибелік сабақтарды қамтыған халықаралық STEMCamp ұйымдастырылды. Ал жас зерттеушілер үшін ғылыми сессиялар, зерттеу воркшоптары және Германия университеттерінің өкілдерімен кездесулер өткізілді.
«Қазақстандық жастардың ғылым мен технологияларға деген жоғары қызығушылығы мен ынтасы бізді ерекше әсерге бөледі. STEMCamp көптеген қатысушылар үшін халықаралық білім алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және Германия университеттерімен болашақтағы ынтымақтастыққа бастар алғашқы қадам болады деп сенеміз», – деді Рур университеттері альянсының Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерімен байланыс жөніндегі бюросының (OEZA) директоры Елена Реш.
Іс-шаралар аясында қатысушылар Германия жоғары оқу орындарының білім беру және ғылыми мүмкіндіктерімен, академиялық ұтқырлық бағдарламаларымен, халықаралық гранттармен және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларымен танысты. Маңызды оқиғалардың бірі Қазақстан-Германия Ғылым және технологиялар институты базасында ашылған g.a.s.t. халықаралық неміс тілі тестілеу орталығының таныстырылымы болды.
Бағдарлама барысында су ресурстары, экология және табиғи ресурстарды орнықты пайдалану салаларындағы бірлескен зерттеулерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстандық және германдық университеттердің өкілдері ортақ ғылыми жобаларды іске асыру, қос диплом бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ технологиялық дамудың басым бағыттары үшін мамандар даярлау перспективаларын талқылады.
«Бүгінде елдің табысы тек табиғи ресурстармен ғана емес, ең алдымен біліммен, технологиялармен және адами капиталмен айқындалады. Сондықтан біз жастардың өз әлеуетін ашуына және болашақтағы технологиялық өзгерістердің көшбасшысына айналуына мүмкіндік беретін халықаралық білім беру жобаларына инвестиция саламыз», – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.
Халықаралық білім және ғылым апталығының өткізілуі жоғары білім мен ғылымды интернационалдандыру, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту бағытындағы міндеттерді іске асырудағы кезекті маңызды қадам болды.