Ғылым – қоғам игілігіне: қазақстандық ғалымдардың жаңа әзірлемесі ұшқышсыз технологиялардың әлеуетін арттырады

Ғылым – қоғам игілігіне: қазақстандық ғалымдардың жаңа әзірлемесі ұшқышсыз технологиялардың әлеуетін арттырады

Ғылым – қоғам игілігіне: қазақстандық ғалымдардың жаңа әзірлемесі ұшқышсыз технологиялардың әлеуетін арттырады

«Ғылым – қоғам игілігіне» айдары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы бейнематериалдар легін ұсынады.

Сәтбаев университетінің ғалымдары әуеде ұзақ уақыт жұмыс істеуге арналған біріктірілген ұшқышсыз мультикоптерлік платформаны әзірлеу бойынша ғылыми жобаны сәтті аяқтады. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруы аясында жүзеге асырылды.

Жоба PhD доктор, қауымдастырылған профессор Қырмызы Тайсариеваның жетекшілігімен жүзеге асырылып, оған магистранттар мен докторанттар белсенді қатысты. Жас зерттеушілер математикалық модельдеу, тәжірибелік үлгіні әзірлеу және эксперименттік сынақтар жүргізу жұмыстарына атсалысып, ұшқышсыз технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу тәжірибелерін жетілдірді.

Зерттеу тобы электрмен қамту жүйесімен жабдықталған біріктірілген мультикоптер платформасын әзірледі. Жобаның басты ерекшелігі – жер үсті станциясынан арнайы кабельдік желі арқылы үздіксіз электр энергиясын беру мүмкіндігі. Бұл технология ұшқышсыз аппараттың әуеде ұзақ уақыт тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Жоба шеңберінде жоғары коммутациялық жиілікпен және кернеуді түрлендіру коэффициентімен сипатталатын инвертор электрмен қамту жүйесі әзірленді. Зерттеу барысында инвертордың математикалық моделі құрылып, оның жұмысын тиімді басқаруға арналған алгоритмдер жасалды, сондай-ақ MATLAB/Simulink бағдарламалық ортасында имитациялық модельдеу жүргізіліп, оның тәжірибелік үлгісі жасалды.

Сонымен қатар Autodesk, ANSYS CFX бағдарламалық кешендерін пайдалану арқылы мультикоптердің үшөлшемді моделі әзірленіп, оның аэродинамикалық сипаттамаларына кешенді талдау жасалып, мультикоптердің тәжірибелік үлгісі әзірленді.

Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары ұсынылған техникалық шешімдердің тиімділігін сандық және сапалық тұрғыдан бағалауға, платформаның жұмыс режимдерін оңтайландыруға, сондай-ақ шығыс кернеуінің сапалық көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер әзірленген платформаның жоғары тиімділігі мен практикалық қолдану әлеуетін растады.

Жоба нәтижесінде біріктірілген мультикоптерлік платформаның тәжірибелік үлгісі дайындалып, оның негізгі түйіндері мен электрмен қамту жүйесіне зертханалық және эксперименттік сынақтар жүргізілді. Сынақ қорытындылары әзірленген платформаның жұмысқа қабілеттілігін, энергияны тиімді түрлендіру мүмкіндігін және қорғаныс механизмдерінің сенімділігін растады.

Жоба ғылыми-техникалық тәжірибе жинақтауға және біріктірілген ұшқышсыз жүйелер саласындағы болашақ зерттеулерге негіз болатын маңызды эксперименттік деректер алуға мүмкіндік берді.

Авторлардың айтуынша, әзірленген платформа телекоммуникация, экологиялық мониторинг, авариялық-құтқару операциялары, стратегиялық нысандарды күзету және ұшқышсыз аппараттардың әуеде ұзақ уақыт болуын талап ететін басқа да салаларда кеңінен қолданылуы мүмкін.

Жобаның ғылыми жетекшісі, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Қырмызы Тайсариева зерттеудің маңыздылығына тоқталды:

«Бұл жоба – отандық инженерлік ғылым мен ұшқышсыз технологиялар саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Біз әзірлеген біріктірілген мультикоптерлік платформа ұзақ уақыт әуеде тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді және түрлі стратегиялық бағыттарда қолдануға әлеуеті жоғары. Алдағы уақытта осы технологияны жетілдіру арқылы Қазақстандағы ұшқышсыз жүйелердің жаңа буынын қалыптастыруға үлес қоса аламыз».

Мамандардың пікірінше, жоба нәтижелері Қазақстандағы біріктірілген ұшқышсыз жүйелер технологиясының дамуына серпін беріп, осы бағыттағы перспективалы инженерлік шешімдердің қалыптасуына ықпал етеді.