KMG Digital Hackathon 2026: атыраулық студенттер мұнай-газ саласына арналған AI шешімдерін ұсынды

KMG Digital Hackathon 2026: атыраулық студенттер мұнай-газ саласына арналған AI шешімдерін ұсынды

KMG Digital Hackathon 2026: атыраулық студенттер мұнай-газ саласына арналған AI шешімдерін ұсынды

Атырау мұнай және газ университетінде республикалық KMG Digital Hackathon-2026 өтті. Екі күн бойы 20 командадан құралған 80-нен астам қатысушы мұнай-газ саласындағы өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған инновациялық жобалар әзірледі. Қатысушылар жасанды интеллект, машиналық оқыту және деректерді талдау технологияларын пайдалана отырып, «Геология» және «Адами ресурстарды басқару (HR)» бағыттары бойынша өз идеяларын ұсынды.

Хакатонның басты ерекшелігі қатысушылардың «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының өндірісінде кездесетін нақты кейстермен жұмыс істеуі болды. «Геология» бағыты бойынша геологиялық есептер мен күрделі деректерді өңдейтін, мамандарға қажет ақпарат пен тиімді кеңес ұсына алатын арнайы жасанды интеллект агентін әзірледі. Ал «HR» бағытында компанияға жаңадан келген қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, ұжымға бейімдеу кезеңдерін жеңілдететін автоматтандырылған цифрлық көмекшілерді жасап шықты. Технологиялық доданы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның қолдауымен «KMG Digital» компаниясы мен Атырау мұнай және газ университеті ұйымдастырды.

– Бүгінде жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық технологиялар өндірістік процестердің тиімділігін арттыруда, білімді басқаруда және адами капиталды дамытуда маңызды құралға айналып отыр. Қатысушылар географиясының кеңеюі мен жасалған жобалардың жоғары деңгейі жастардың цифрлық технологияларға және мұнай-газ саласында сұранысқа ие құзыреттерді дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті ректор Гүлзада Шакуликова.

Қазылар алқасы жобалардың креативтілігі, тәжірибеде қолдану мүмкіндігі, тиімділігі мен дизайнына назар аударды. Хакатон қорытындысында «Геология» бағыты бойынша университет студенттерінен құралған iSteam командасы жүлдегер атанды. HR бағытында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Prompt» командасы ұсынған жоба үздік деп танылды. Жалпы жүлде қоры екі миллион теңге болған жарыс жас зерттеушілердің инновациялық ізденістеріне тың серпін берді.