
АҚШ-тың Бостон қаласында өткен Coursera-ның «Жоғары білім берудің болашағы» атты саммитінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) әлемдік білім беру қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланды.
Пленарлық отырыс барысында Coursera компаниясының бас директоры Грег Харт IITU-ды онлайн оқытуды білім беру үдерісіне табысты ықпалдастырған әлемдегі жетекші үлгілердің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, университет цифрлық білім беру технологияларын барлық академиялық бағдарламаларға тиімді енгізіп, студенттер мен оқытушылардың онлайн курстарды оқу үдерісінде де, кәсіби дамуы үшін де кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасаған.
Сондай-ақ қол жеткізілген нәтижелердің заманауи білім беру платформаларының кадрлар даярлау сапасын арттыруға, цифрлық құзыреттерді дамытуға және жоғары оқу орындарының институционалдық трансформациясына оң әсер ететінін айқын көрсететіні ерекше атап өтілді.
Аталған жетістік қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын дәлелдеп, елімізде цифрлық білім беруді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.