
Түркістан қаласында Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің VIII отырысы өтті. Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің білім және ғылым саласына жетекшілік ететін мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің жетекшілері қатысты.
Отырысты Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев ашып, Академияның түркі әлеміндегі ғылыми және академиялық ынтымақтастықты дамытудағы рөліне тоқталды. Ол Академияның ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеу, ғылыми байланыстарды нығайту және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру бағытындағы қызметінің маңызын атап өтті.
Жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, Түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын кеңейтудің стратегиялық маңызын атап өтті.
Министр өз сөзінде басқосу Академияның жетістіктерін саралап қана қоймай, 2009 жылы Нахчыванда өткен Түркі мемлекеттері саммитінде Қазақстан ұсынған бастамадан бастау алған маңызды жолды тағы бір мәрте зерделеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Түркі мемлекеттері ұйымының зияткерлік әрі ғылыми тірегі ретінде Академия ортақ тарихи, тілдік және мәдени мұрамызды академиялық ынтымақтастықты дамытуға, білім алмасуға және мәдени-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған нақты жобаларға айналдырып келеді. Бүгінде Академия түркі әлемінің жетекші зерттеушілері, сарапшылары мен ғылыми ұйымдарының зияткерлік әлеуетін ортақ мақсаттар мен басымдықтар төңірегіне топтастыратын бірегей алаңға айналды», – деді Саясат Нұрбек.
Ведомство басшысы соңғы алты жылда Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі алты есеге артқанын, бүгінде ғылымға бөлінетін жылдық қаржы көлемі 250 миллиард теңгеден асқанын айтты. Сонымен қатар еліміз халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіруге және шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
Отырыс барысында Әзербайжан Республикасының Ғылыми кеңестегі төрағалығының қорытындылары шығарылып, төрағалық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне тапсырылды. Қазақстан тарапы Түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және академиялық ықпалдастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Түркі академиясының білім алмасу мен ғылыми ынтымақтастықтың негізгі платформасы ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған жұмыстардың сабақтастығын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Ғылыми кеңестің жұмысына Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің орынбасары Дурус Козуев, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің төрағасы Эрол Озвар, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің бірінші орынбасары Сардор Раджабов қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес Түркі академиясының 2024-2025 жылдардағы қызмет нәтижелері, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары, мерейтойлық даталар және басым ғылыми-зерттеу бағыттары қаралды. Кеңес мүшелері ұсынылған құжаттарды талқылап, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындады.
Отырыс қорытындысы бойынша Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің VIII отырысының хаттамасына қол қойылды. Сонымен қатар Ғылыми кеңестің IX отырысын Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды.
Іс-шара аясында Ғылыми кеңес мүшелері мен шетелдік делегациялар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген тарихи ескерткішпен танысты. Қатысушылар Түркістан қаласының Түркі әлемінің рухани орталығы ретіндегі айрықша маңызын атап өтті.
Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің отырысы түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми байланыстарды одан әрі дамытуға, ортақ зерттеу бастамаларын жүзеге асыруға және білім мен ғылым саласындағы интеграциялық үдерістерді нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.