
Алматы қаласында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» атты академиялық жеті томдықты әзірлеу жөніндегі редакциялық алқаның кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған жетінші томның қолжазбасы қаралды.
Авторлар ұжымының жетекшісі Бүркітбай Аяған академиялық еңбектің құрылымы мен мазмұнын таныстырды. Сонымен қатар Еркін Әбіл мен Михаил Акуловтың рецензиялары тыңдалды. Редакциялық алқаның басқа да мүшелері қолжазба бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жетінші томды талқылау редакциялық алқаның келесі отырысында жалғасады. Қорытынды шешімді осы айдың соңына жоспарланған қорытынды отырыста қабылдау көзделіп отыр.
Жаңа академиялық көптомдықты әзірлеу бастамасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған. Жоба Қазақстан тарихының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі жаңа академиялық нұсқасын әзірлеуге бағытталған.
Іргелі ғылыми жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның жетекші ғалымдары мен ғылыми ұйымдары, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысуда. Жоба аясында 250-ден астам отандық және 60-қа жуық шетелдік ғалым жұмылдырылған.
Академиялық көптомдықты әзірлеу жұмыстарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин жетекшілік етеді. Жобаға Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты және басқа да ғылыми ұйымдар қатысуда.
Көптомдықты әзірлеу аясында халықаралық форумдар, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен әдіснамалық семинарлар ұйымдастырылып, томдардың мазмұны, жаңа архивтік және тарихнамалық материалдарды ғылыми айналымға енгізу мәселелері жан-жақты талқылануда.