Мәулен Әшімбаев атыраулық белсенді жастармен кездесті

Мәулен Әшімбаев атыраулық белсенді жастармен кездесті

Мәулен Әшімбаев атыраулық белсенді жастармен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Басқосу С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасындағы Нұрлан Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығы алаңында өтті.

Кездесу барысында елдегі саяси реформалардың жүзеге асырылуы, жастардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі, білім беру және кәсіби даму мәселелері талқыланды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Атырау өңірінің Қазақстан тарихы мен экономикасындағы айрықша маңызын атап өтті.

– Атырау өңірінен қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар шықты. Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарында еліміздің экономикалық дамуына да зор үлес қосып келеді. Қазақстанның мұнай-газ саласының негізгі бөлігі осы өңірде орналасқан. Сондықтан Атыраудың бүкіл ел экономикасындағы орны ерекше, – деді Сенат Төрағасы.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға ерекше назар аударылды. Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция тәуелсіздік пен мемлекеттілікті нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, мемлекеттік тілді дамытуға, білім мен ғылымды стратегиялық басымдық ретінде бекітуге бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.

Жастармен ашық форматта өткен кездесуде кәсіби біліктілік пен үздіксіз білім алудың маңызына да ерекше тоқталды.

– Мемлекет жастарға жан-жақты мүмкіндік жасап отыр. Ендігі жерде сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет. Әр жас өз саласының мықты маманы болуға ұмтылуы керек. Білімін үздіксіз жетілдіріп, заман талабына бейімделуі қажет. Сонда ғана еліміздің дамуына үлес қоса алады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы жастарды «Таза Қазақстан» бастамасына, Президенттік жастар кадр резерві жобасына және түрлі білім беру бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырды.

Кездесу барысында Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жастардың рөлі ерекше екені айтылып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен жаңа буынның құндылықтық бағдарлары сөз болды. Осы ретте Сенат Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы мұрасына негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасының маңызын атап өтті. Аталған тұжырымдама негізінде еңбекқорлық, адалдық, кәсіби біліктілік, үздіксіз білім алу және отаншылдық секілді құндылықтар жатыр. Бұл қағидаттар еліміздің болашағын қалыптастыратын жас буын үшін құнды бағдар болуға тиіс.

Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ел болашағы, білім беру мүмкіндіктері мен қоғамдық бастамаларға қатысу мәселелері бойынша пікір алмасты.