
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және OpenAI компаниясы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында білім беру саласында жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар жүзеге асырылуда.
Осы серіктестік аясында Қазақстан білім беру ортасына OpenAI компаниясының академиялық қауымдастыққа арналған арнайы шешімі – ChatGPT Edu-ді ауқымды түрде енгізуді бастаған Орталық Азиядағы алғашқы ел болды. Бүгінгі таңда ел бойынша білім беру ұйымдарына, оқытушыларға, білім алушылар мен зерттеушілерге 165 мың ChatGPT Edu лицензиясы берілді.
Осы аптада Қазақстан жасанды интеллект саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі әрі ChatGPT-ді әзірлеуші – OpenAI делегациясын қабылдап жатыр.
2-5 маусым аралығында компания өкілдері мемлекеттік органдардың, университеттердің және бизнес өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесулер, сарапшылық сессиялар мен практикалық воркшоптар өткізді.
2 маусымда Астанадағы Alem.ai алаңында жасанды интеллектіні ұйымдардың қызметіне енгізу мәселелеріне, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға әсеріне және AI-агенттер дәуіріндегі білім беруді трансформациялауға арналған атқарушы сессиялар өтті.
3 маусымда жұмыс Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының базасында жалғасты. Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары үшін білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолдану бойынша шеберлік сыныптары мен практикалық сессиялар ұйымдастырылды. Қатысушыларға Agents және Codex шешімдерінің мүмкіндіктері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызметіне AI-құралдарын енгізудің нақты кейстері таныстырылды. Бұдан бөлек жеке нетворкинг іс-шарасы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылау үшін жоғары оқу орындарының, ғылым мен бизнестің өкілдерін біріктірді.
Бүгін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек OpenAI компаниясының «Education for Countries» халықаралық бағытының өкілі Valerie Focke бастаған делегациямен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ChatGPT Edu жобасын жүзеге асыру барысын, сондай-ақ Жасанды интеллект университетімен ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан үшін бұл тек халықаралық сарапшылардың сапары ғана емес. Бұл – әлемдік жетекші AI-командалардың бірімен тікелей тәжірибе алмасу, жаһандық трендтерді талқылау және білім, ғылым мен инновация саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау мүмкіндігі.
Мұндай бастамалар жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесін одан әрі дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және болашақтың цифрлық экономикасы үшін мамандардың жаңа буынын даярлауға септігін тигізеді.