
Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли жетекшілік еткен Гонконг пен материктік Қытайдың сауда-экономикалық делегациясының Астанаға сапары аясында бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Оған Қозыбаев университетінің өкілдері де қатысты.
Кездесулер барысында Гонконг, материктік Қытай және Қазақстанның бейінді ұйымдары мен компанияларының өкілдерімен аграрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық, заманауи ауыл шаруашылығы демонстрациялық паркін құру, халықаралық инвестициялық байланыс, сондай-ақ білім, ғылым және өндіріс интеграциясы мәселелері бойынша мазмұнды келіссөздер жүргізілді.
Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобының Басқарма Төрағасы Ли Сяохуань Қозыбаев университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан–Қытай аграрлық технологиялар және экспорттық даму технопаркі жобасын таныстырды. Жоба өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту қажеттіліктеріне бағытталған және заманауи агротехнологияларды енгізуді, жоғары өнімді сорттарды сынақтан өткізу мен демонстрациялауды, ақылды ауыл шаруашылығы технологияларын қолдануды, кадрлар даярлауды, сондай-ақ ғылым, білім және өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуды көздейді.
Жобаның негізгі мақсаты – ғылыми зерттеулерді, технологияларды көрсету мен таратуды және оларды өндіріске енгізуді біріктіретін халықаралық аграрлық ынтымақтастық платформасын қалыптастыру. Ұсынылған бастамаға Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли жоғары баға берді.
Кездесу барысында Еуропа мен Орталық Азиядағы сауданы дамыту жөніндегі Гонконг кеңесінің бас өкілі Крис Лоның қатысуымен Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ербол Исақаев пен Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобының Басқарма төрағасы Ли Сяохуань инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Келісім шарттарға сәйкес жобаны одан әрі қаржыландыру Hong Kong Henan Agricultural Investment платформасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде жобаны іске асыру үдерісін жеделдетіп, оның нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.
Қозыбаев университеті 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобымен бірлесіп Қазақстан–Қытай аграрлық технологиялар технопаркі мен экспорттық даму бастамасын іске асыруға кірісті. Бұл жоба өзінің ауқымы мен мазмұны жағынан үлкен маңызға ие. Мұндай технопарк Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда алғаш рет құрылуда.
Қытайлық серіктестің инвестиция көлемі шамамен 10 миллион АҚШ долларын құрайды. Қысқа уақыт ішінде тараптар ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді: ынтымақтастық туралы келісім жасалды, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Қызылжар ауданынан 62 гектар жер телімін бөлді, Қытайдан 9 бидай, 5 рапс және 18 жүгері тұқымдарының алғашқы партиясы жеткізілді.
Сонымен қатар сорттарды зерттеу бойынша ғылыми жұмыстардың схемасы нақтыланып, болашақ демонстрациялық парктің жоспары әзірленді. Қажетті тіркеу рәсімдері жүргізілуде. Қазіргі уақытта университеттің агробиологиялық станциясында далалық сынақтар жүзеге асырылып жатыр.
Аталған келісім – ЖОО үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және өңірдің ауыл шаруашылығын жаңғыртуға үлес қосу бағытындағы қызметінің маңызды нәтижесі.