
Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен «Shanyraq Dialogue» пікірталас алаңы аясында «Kazakhstan’s Knowledge Economy: New Frontiers for EU Partnership» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қатысушылар Қазақстанның білім экономикасын дамыту, жоғары білім беру саласындағы халықаралық серіктестік, бірлескен зерттеу жобалары, академиялық ұтқырлық, жаңа салалар үшін кадрлар даярлау, сондай-ақ бельгиялық және еуропалық университеттермен ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылады.
Министр Қазақстанның ғылым мен жоғары білімді модернизациялау, зерттеу университеттерін дамыту, интернационалдандыру, жас ғалымдарды қолдау, технологияларды коммерцияландыру және халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысуды кеңейту бойынша басымдықтарын таныстырды.
Дөңгелек үстел мемлекеттік органдар, университеттер, сарапшылар және дипломатиялық қоғамдастық арасында Қазақстан мен ЕО-ның болашақ ғылыми-білім беру серіктестігі мәселелері бойынша тікелей диалог алаңына айналды.
«Білім экономикасы сенімге, ашық университеттерге, мықты ғылымға және халықаралық әріптестікке негізделеді. Қазақстан еуропалық университеттермен ынтымақтастықтың бірреттік жобалар деңгейінде емес, ұзақ мерзімді бағдарламалар, бірлескен зерттеулер және болашақ экономикасы үшін кадр даярлау арқылы дамуына мүдделі», – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ министр Монс университеті, Льеж университеті, Намюр университеті және Брюссель дипломатиялық академиясының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.