
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан, Орталық Азия және Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудағы ғылымның, жоғары білімнің, инновациялардың және кадрлар даярлаудың рөлін талқылады.
Ғылыми дипломатияны, халықаралық академиялық ұтқырлықты дамытуға, қазақстандық ұйымдардың еуропалық зерттеу және инновациялық бағдарламаларға, соның ішінде «Horizon Europe» бағдарламасына қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ университеттер, зерттеу орталықтары, технологиялық компаниялар мен инновациялық экожүйелер арасында орнықты серіктестік орнатуға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ кездесу барысында цифрлық трансформация, жасанды интеллект, су және климат күн тәртібі, маңызды материалдар, инженерлік білім беру және аймақтың орнықты дамуы үшін адами капиталды даярлау мәселелері де қозғалды.
Тараптар бірлескен зерттеу жобалары, білім беру бастамалары, тәжірибе алмасу, консорциумдарды дамыту және жас ғалымдарды халықаралық ғылыми желілерге тарту арқылы Қазақстан–ЕО және Орталық Азия–ЕО аясындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Ғылым мен жоғары білім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды бағытына айналып келеді. Horizon Europe бағдарламасы, бірлескен зерттеулер, академиялық ұтқырлық және инновациялық жобалар арқылы біз адамдар, институттар мен экономикалар арасындағы ұзақ мерзімді байланыстарды нығайтып, бүкіл Орталық Азия өңірінің орнықты дамуына үлес қоса аламыз», – деді Саясат Нұрбек.