
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуропалық парламенттің Өнеркәсіп, зерттеулер және энергетика комитетінің (ITRE) төрағасы Борис Будкамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында зерттеулер, өнеркәсіптік саясат, энергетика, маңызды шикізат пен инновациялар тоғысындағы Қазақстан мен Еуропалық Одақтың ғылыми-технологиялық ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.
Министр Қазақстанның ұлттық ғылым және технологиялық саясат жүйесін жаңғырту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруды дамыту, жас ғалымдарды қолдау және ғылым, бизнес пен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайту бағытындағы бастамалары туралы айтты.
Тараптар еуропалық зерттеу бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ ғылым, технологиялар және орнықты өнеркәсіптік даму мәселелері бойынша парламенттік және сарапшылық диалогты нығайту перспективаларын қарастырды.
«Қазақстан Еуропалық Одақты ғылыми-технологиялық кооперацияны дамытудағы маңызды серіктес ретінде көреді, әсіресе зерттеулер өнеркәсіптік модернизациямен, энергетикалық көшумен және жаңа технологиялармен тікелей байланысты бағыттарда бұл ынтымақтастықтың маңызы зор», – деді Саясат Нұрбек.