
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуропалық комиссияның Стартаптар, зерттеулер және инновациялар жөніндегі комиссары Екатерина Захариевамен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі болды. Атап айтқанда, қазақстандық жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың, зерттеу орталықтарының және инновациялық компаниялардың Horizon Europe бағдарламасын қоса алғанда, еуропалық зерттеу бағдарламаларына қатысу перспективалары талқыланды.
Министр еуропалық тарапты Қазақстанда ғылым және технологиялық саясат саласында жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалармен таныстырды. Атап айтқанда, цифрлық конкурстық рәсімдерді енгізу, Technology Readiness Levels тәсілдерін қолдану, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетіктерін дамыту, ғылым мен бизнес арасындағы байланысты күшейту, сондай-ақ инновациялар мен стартаптарды қолдаудың жаңа құралдарын қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында Қазақстанның еуропалық ғылыми консорциумдарға қатысу мүмкіндіктері, жаңа буын зерттеушілерін даярлау, deep-tech бағыттарын, жасанды интеллектіні, критикалық материалдар мен инженерлік технологияларды дамыту, академиялық ұтқырлық пен зерттеу инфрақұрылымын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар Қазақстанның Еуропалық Одақпен бірлескен жобаларға практикалық қатысуын кеңейту үшін ұлттық байланыс орталықтары, университеттер, ғылыми ұйымдар, инновациялық орталықтар мен стартап-экожүйелер арасындағы жүйелі үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар қазақстандық және еуропалық ғылыми-зерттеу және инновациялық командалар арасындағы әріптестікті нығайту, технологияларды дамытуға, кадр даярлауға және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелері талқыланды.
«Қазақстан үшін Еуропалық комиссиямен зерттеулер, инновациялар және стартаптар саласындағы ынтымақтастық – жаһандық білім мен технологиялар кеңістігіне интеграцияланудың стратегиялық құралы. Біздің мақсатымыз – Horizon Europe секілді халықаралық бағдарламаларға қатысуды кеңейтіп қана қоймай, ғалымдар, университеттер, стартаптар мен индустрия арасында тұрақты серіктестік қалыптастыру. Дәл осындай байланыстар білімге, технологияға және адами капиталға негізделген жаңа экономиканың негізін қалайды», – деді Саясат Нұрбек.