
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Ізбасарқызы Көбенованың Қытай Халық Республикасының Цинхуа университетінің президенті Ли Луминмен кездесуі өтті.
Кездесу барысында жоғары білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағыттары, сондай-ақ оны іске асырудың нақты тетіктері жан-жақты талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірқатар бірлескен іс-шараларды өткізуге дайын екенін растады. Атап айтқанда, пікір алмасу барысында тараптар шетелдік студенттердің Қазақстанда білім алу бағдарламасын, гранттар бөлу және оларға қолайлы жағдай жасау мәселелерін қарастырды.
Кездесуде жасанды интеллект технологияларын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта Цинхуа университетінің өкілдері оқу орнында жасанды интеллектіге қатысты 100-ден астам арнайы пән оқытылатынын атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан тарапы отандық «AI-Sana» жобасын таныстырып, бұл инновациялық бағытты одан әрі белсенді дамыту жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар Цинхуа университетінің президенті Ли Лумин университет базасында бірлескен ғылыми-білім беру орталығын ашу мүмкіндігін қарастырып, қазақстандық тарапты аталған бастаманы бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Сондай-ақ қазақстандық тарап Цинхуа университетінің өкілдерін Ұлттық жасанды интеллект университетінің жұмысына қатысуға шақырып, жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар толық өзара түсіністікке қол жеткізіп, Цинхуа университетінің президенті Ли Лумин Министрлік өкілдерін университеттің ғылыми зертханасымен танысу үшін Қытай Халық Республикасына келуге шақырды.