
«Ғылым ордасында» Қазақстан мен Орталық Азияның қолжазба мұрасын сақтау және цифрландыру мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.
Ғылыми форум Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Куба, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен келген жетекші ғалымдарды, архивистер мен цифрлық гуманитаристика саласының мамандарын біріктірді.
Халықаралық конференцияға ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухитдин Шімшек, Гарвард университеті жанындағы Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеулері орталығының аға ғылыми қызметкері Наргис Касенова, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, сондай-ақ отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, архивистер, кітапханашылар, музей мамандары, ғалымдар мен цифрлық гуманитаристика саласының зерттеушілері қатысты.
Конференция барысында сирек қолжазбаларды сақтау, ғылыми каталогтау, реставрациялау, сондай-ақ тарихи деректерді зерттеу мен цифрландыруға арналған заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Конференция аясында «Цифрлық инновациялар және қолжазба мұрасы», «Қолжазба мұрасын сақтау және архивтік тәжірибе», «Кодикология және қолжазбатану» бағыттары бойынша пленарлық баяндамалар, панельдік пікірталастар және ғылыми секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Конференция Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты қолжазба қорларын зерттеу, сақтау, ғылыми каталогтау және цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылауға бағытталған.
Конференцияда Қазақстан мен Орталық Азиядағы қолжазба қорларының қалыптасу тарихы, оларды сақтау, басқару, консервациялау және реставрациялаудың заманауи әдістері талқыланды. Мамандар сирек қолжазбаларды анықтау, ғылыми каталогтаудың халықаралық стандарттары, АҚШ кітапханаларындағы ислам қолжазбаларын зерттеу, сондай-ақ консервация және реставрациялау мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар жиында цифрлық гуманитаристиканы дамыту, шағатай тіліндегі мәтіндерді тану, метрикалық кітаптарға арналған OCR модельдері мен тілдік корпустар құру, қолжазбаларды зерттеуге арналған цифрлық құралдарды қолдану мәселелері кеңінен қарастырылды.
Жиында Шәкәрім шежіресіндегі уранхайлар тарихы, Қазақстан мен Орталық Азиядағы парсы және шағатай тілдеріндегі қолжазбаларды зерттеу, Шыңжаңның қолжазба мәдениеті мен Қытай Халық Республикасындағы ислам сот құжаттары, Еуропадағы Ибн Халдун мұрасын зерттеу, сондай-ақ ҚР Орталық мемлекеттік архиві мен Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институты қорларындағы араб графикасындағы құжаттарды ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар конференция барысында «Қазақстанның қолжазба мұрасы» платформасының мүмкіндіктері, Әлішер Науаидің «Lisānü’t-Ṭayr» шығармасының ерекшеліктері, мәмлүк-қыпшақ жазба ескерткіштеріндегі түр-түс атаулары мен түркі қолжазбаларын транскрипциялау мәселелері қарастырылды.
Халықаралық іс-шара қолжазба дәстүрлерін зерттеу, сақтау, каталогтау және реставрациялау бағытындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жаңа цифрлық технологияларды таныстыруға арналған маңызды ғылыми алаңға айналды.
Конференцияның жалғасы ретінде 4–10 маусым аралығында қолжазбатану мен цифрлық гуманитаристикаға арналған Жазғы мектеп өз жұмысын бастайды.