Психологиялық тұрғыдан қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру: ғылыми тәсілдер

Психологиялық тұрғыдан қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру: ғылыми тәсілдер

Психологиялық тұрғыдан қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру: ғылыми тәсілдер

Қазақстанда зерттеулері мен ғылыми жобалары білім беру, психология және қоғамның жалпы дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ғалымдар аз емес. «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарында біз отандық зерттеушілермен таныстыруды жалғастырамыз. Олардың еңбегі ғылымның дамуына және жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді. Бүгін Ualikhanov University жанындағы «Педагогикалық инноватика» ғылыми зертханасының жетекшісі философия докторы (PhD) Гүлмира Ракишева туралы айтамыз.

Оның ғылыми-педагогикалық қызмет өтілі 28 жылды құрайды. Университеттегі жұмыс жылдары ішінде Гүлмира Мәдиқызы оқу-әдістемелік басқарма басшысы, кафедра меңгерушісі және «Педагогикалық инноватика» ғылыми зертханасының жетекшісі қызметтерін атқара отырып, білім беру және ғылыми қызметтің дамуына елеулі үлес қосты.

Гүлмира Ракишеваның ғылыми қызметі қазіргі заманның өзекті әлеуметтік және білім беру мәселелерін шешуге бағытталған. Оның жетекшілігімен қоғамда инклюзивті мәдениетті дамытуға, аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға, психологиялық тұрғыдан қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және әртүрлі әлеуметтік топтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған зерттеулер жүзеге асырылуда.

Ғалым балалар мен жастардың психологиялық денсаулығы, цифрлық әлеуметтену жағдайында кибербуллингтің алдын алу, әлеуметтік инклюзия және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударады. Зерттеу нәтижелері білім беру тәжірибесін жетілдіруге, білім алушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету тетіктерін дамытуға және білім беру жүйесіне ғылыми негізделген тәсілдерді енгізуге ықпал етеді.

Гүлмира Ракишева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысады. Ол «Желілік әлеуметтену үдерісінде кибербуллинг қаупін төмендету факторы ретінде қазақстандық оқушылардың психологиялық денсаулығын нығайту» атты гранттық жобаның жетекшісі болды. Жоба оқушылардың психологиялық әл-ауқатына әсер ететін факторларды зерттеуге және цифрлық ортада кибербуллингтің алдын алудың тиімді тетіктерін әзірлеуге бағытталды.

Ғалым сондай-ақ Erasmus+, Jean Monnet және Central Asian Research Ethics Project (CARE) сияқты халықаралық жобаларға қатысып, білім беру, әлеуметтік инклюзия және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып келеді. Ғылыми қызмет аясында Гүлмира Мәдиқызы Ұлыбританиядағы Queen’s University Belfast университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен.

Гүлмира Ракишева – Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі және Қазақ психологиялық қоғамының мүшесі.

Ол 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде Scopus және Web of Science базаларына енгізілген отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы мақалалар, сондай-ақ монографиялар мен оқу-әдістемелік құралдар бар.

Оның зерттеу нәтижелері тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар практикалық маңызға ие болып, инклюзивті білім беруді дамытуға, балалар мен жастардың психологиялық әл-ауқатын нығайтуға және Қазақстан халқының өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.

«Сіз қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарын қадағалап отырыңыз, отандық ғылымды дамытып, өз зерттеулері мен жетістіктері арқылы Қазақстанды танытып жүрген ғалымдар туралы көбірек біле аласыз.