
Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші техникалық университеттерінің басын қосқан «KazUzGeoNomads» халықаралық оқу-өндірістік жобасы бастау алды.
Ауқымды бастама геология, тау-кен ісі және мұнай-газ саласында білім алып жатқан болашақ мамандардың академиялық, тәжірибелік және мәдени байланысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Қазіргі жаһандану жағдайында тек теориялық біліммен ғана шектелу жеткіліксіз. Бүгінде заманауи технологияларды меңгерген және халықаралық практикалық тәжірибесі бар мамандарға сұраныс ерекше жоғары. Осы орайда екі мемлекеттің студенттерін біріктірген «KazUzGeoNomads» жобасы кәсіби дамудың, тәжірибе алмасудың және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың тиімді алаңына айналады.
Жоба аясында қатысушылар бір ай бойы Қазақстан мен Өзбекстанның түрлі өңірлеріндегі ірі өндірістік нысандарда, ғылыми орталықтар мен университеттерде болып, өндірістік тәжірибеден өтеді. Студенттер кәсіби машықтарын жетілдіріп, сала мамандарымен тәжірибе алмасады және екі ел арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға өз үлестерін қосады.
Жобаның халықаралық серіктестері ретінде University of Geological Sciences (Ташкент, Өзбекстан), Navoi State University of Mining and Technologies (Навои, Өзбекстан) және Қазақстанның жетекші өңірлік техникалық жоғары оқу орындары – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті қатысады.
Халықаралық білім беру жобасының бағыты бірнеше кезеңді қамтиды және ғылыми-танымдық іс-шараларға толы.
Жобаның алғашқы нүктесі 25 мамыр күні Өзбекстанның ірі өндірістік орталығы – Навои қаласында басталды. Бағдарлама 1–2 маусым күндері Ташкентте, 15–19 маусым аралығында Атырау қаласында, 22–28 маусымда Өскемен қаласында жалғасады.
«KazUzGeoNomads» жобасы Орталық Азиядағы инженерлік білім беру мен халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ.