Қазақстанның оңтүстік өңірі тұрақты дамуы үшін ғалымдар геотермалдық ресурстардың әлеуетін зерттеуде

Қазақстанның оңтүстік өңірі тұрақты дамуы үшін ғалымдар геотермалдық ресурстардың әлеуетін зерттеуде

Қазақстанның оңтүстік өңірі тұрақты дамуы үшін ғалымдар геотермалдық ресурстардың әлеуетін зерттеуде

Сәтбаев университетінің ғалымдары Қазақстанның оңтүстік өңірі тұрақты дамуы үшін геотермалдық ресурстарды зерттеуді қолға алды. Болашақта бұл ресурстар тұрғындар мен өнеркәсіп үшін экологиялық таза жылу энергиясының баламалы көзіне айналуы мүмкін. Зерттеулер Алматы, Жаркент және Арыс бассейндерін қамтиды, өйткені бұл аймақтар геотермалдық энергия қорына өте бай. Мамандар жерасты термоминералды суларын зерттеп қана қоймай, оларды энергетикада, ауыл шаруашылығында, туризмде және сауықтыру саласында пайдалану мүмкіндіктерін де қарастыруда.

«Біздің зерттеулеріміз геотермалдық ресурстар осы өңірлер үшін маңызды баламалы энергия көздерінің біріне айнала алатынын көрсетіп отыр. Бұл көмірсутекті отынға тәуелділікті азайтып, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға және экономика үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашады», – деді жоба жетекшісі, қауымдастырылған профессор Ерғали Әуелхан.

Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы жүзеге асырылуда. Соның аясында ғалымдар елдің оңтүстік өңірлеріндегі геотермалдық ресурстарға кешенді зерттеулер жүргізуде. Қазірдің өзінде геологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер орындалып, ұңғымаларда далалық жұмыстар жүргізілді және геотермалдық ресурстар карталары дайындалды. Мамандар судың температурасы мен қысымын өлшеп, оның химиялық құрамын зерттеуде және тәжірибелік-сүзгілеу сынақтарынан өткізуде.

Осы зерттеулерді жүргізу үшін Сәтбаев университеті соңғы үлгідегі жабдықтарды сатып алды. Атап айтқанда, олардың ішінде жоғары өнімді есептеу техникасы, аэрофототүсірілім жасауға арналған квадрокоптер және арнайы Visual MODFLOW Flex Professional бағдарламалық қамтамасыз ету бар. Сонымен қатар университетте жерасты суларының сапасын зерттейтін WaterLab гидрогеохимиялық зертханасы ашылды. Бұл жоба Түркия, Исландия және Ресейдің ғалымдарымен, әрі салалық ұйымдарымен ынтымақтастық қарым-қатынаста дамып келеді.

Термалды суларды жылумен жабдықтау жүйелерінде және бальнеологиялық мақсаттарда пайдалануға болатынын алғашқы нәтижелер көрсетіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жаңартылатын энергия көздеріне көшу – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін негізгі шарттардың бірі.

Осы 2026 жылы Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің геотермалдық ресурстар әлеуетін зерттеу жалғаса береді. Сәтбаев университетінің ғалымдары далалық зерттеу жұмыстарын кеңейтіп, елімізде геотермалдық энергияны пайдалану бойынша практикалық ұсыныстар дайындауды жоспарлап отыр.