
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚазҰУ – XUST биоконверсия бойынша бірлескен зертханасының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сиань ғылым және технологиялар университетімен (Xi’an University of Science and Technology) серіктестік аясында құрылған жаңа ғылыми орталық университеттің биология және биотехнология факультеті базасында жұмыс істейді.
Шара барысында сөз сөйлеген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы - ректор Жансейіт Түймебаев бұл жобаның университет үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
«ҚазҰУ мен Сиань университетінің бірлескен зертханасы – терең ғылыми ізденістер өндіріске арналған дайын шешімдерге айналатын бірегей алаң. Бұл жерде біз көмірді күкірттен биоәдіспен тазарту, биометан алу және экожүйелерді қалпына келтіру сияқты серпінді бағыттарды дамытатын боламыз», – деді ректор.
Сондай-ақ университет басшысы мұндай заманауи материалдық-техникалық база жас ғалымдардың халықаралық зерттеу жобаларына қатысуына және инновацияларды экономиканың нақты секторына тиімді енгізуге мүмкіндік беретінін алға тартты.
Жаңа зертханада биоконверсия үдерістерін зерттеуге арналған молекулалық-генетикалық, микробиологиялық, химиялық және биохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Негізгі бағыттардың қатарында органикалық, өндірістік және пластик қалдықтарды қайта өңдеу технологияларын әзірлеу, биокөмір, биополимерлер мен адсорбциялық материалдар алу, сондай-ақ микроорганизмдерді табиғи және техногендік шикізатты экологиялық тұрғыдан қауіпсіз түрлендіруде пайдалану бар.
Жоба бүгінде нақты ғылыми нәтижелер көрсетіп отыр. Ғылыми топ Scopus және Web of Science базаларында сегізден астам мақала жариялаған. ҚазҰУ-дың PhD докторанты XUST университетінде бір жылдық тағылымдамадан өтіп, кадрлық алмасу да жолға қойылған. Қазіргі уақытта метанды бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруына екі өтінім берілген.
Зертхананың ашылуы Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына толық сәйкес келеді. Орталықтың жұмысы жасыл экономиканы дамытуға және еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін халықаралық деңгейде нығайтуға серпін береді деп күтіледі.
Шара соңында қонақтар зертхананың техникалық жабдықталуымен танысып, әлемдік ғылыми басылымдарда бірлескен мақалалар жариялау жоспарын талқылады.