ЕУРАЗИЯДАҒЫ ОРНЫҚТЫ ДАМУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР БОЛАШАҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

ЕУРАЗИЯДАҒЫ ОРНЫҚТЫ ДАМУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР БОЛАШАҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

ЕУРАЗИЯДАҒЫ ОРНЫҚТЫ ДАМУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР БОЛАШАҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Астанада өткен «Еуразиядағы орнықты даму» атты ІІ халықаралық жоғары деңгейдегі конференция аясында БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарының іске асырылу қорытындыларына, жаңа жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға және орнықты дамудың негізгі сын-қатерлерін талқылауға арналған тақырыптық сессиялар өтті.

«2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттары. Іске асыру қорытындылары» атты алғашқы сессияның модераторы ММХҚИ Орнықты даму орталығының директоры Игорь Юргенс болды. Қатысушылар БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін іске асырудың алдын ала нәтижелерін, ОДМ жүйесінің негізгі жетістіктері мен қазіргі моделінің шектеулерін талқылады. Сонымен қатар орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі жаһандық ілгерілеу, қазіргі дағдарыстардың ықпалы және 2030 жылдан кейінгі күн тәртібін қалыптастырудың ықтимал тәсілдері назарға алынды.

Сессия барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясының төрағасы Мирослав Лайчактың негізгі тезистері ұсынылды. Өз сөзінде ол бейбітшілік пен қақтығыстардың алдын алу мәселелерін жаһандық даму күн тәртібінің өзегіне қайта шығару қажеттігін атап өтті. Алдағы жұмыстың басым бағыттары ретінде ОДМ жергілікті деңгейде бейімдеу, цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды дамыту, адами капиталға инвестиция салу, сондай-ақ Еуразиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері аталды.

БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының хатшысы Анна Жубен-Бре қазіргі коммерциялық құқық тетіктері орнықты дамудың маңызды құралына айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық үйлестіру мен цифрлық сауданы дамыту транзакциялық шығындарды азайтуға, халықаралық нарықтарға қолжетімділікті кеңейтуге және жаһандық инвестициялық жүйеге деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.

«2030 жылдан кейінгі Орнықты даму мақсаттарының перспективалары» атты екінші сессия БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-сессиясының төрағасы, Сербияның экс-сыртқы істер министрі Вук Еремичтің модераторлығымен өтті. Сессия барысында қатысушылар 2030 жылдан кейінгі ОДМ жүйесінің ықтимал даму сценарийлерін талқылады. Болашақ ОДМ архитектурасына қатысты тәсілдерге, оның ішінде әмбебап модельді сақтау, басым бағыттарға шоғырлану, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастық форматтарын күшейтіп, кейіннен жаһандық үйлестіруге көшу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ғаламдық газ орталығының атқарушы директоры Валери Дюкро модераторлық еткен «Орнықты даму мақсаттарына арналған энергетика» атты арнайы сессиясында энергетиканың Қазақстан мен Еуразиядағы орнықты дамудың, өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттіліктің және өңірлік тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі ретіндегі рөлі талқыланды. Қатысушылар энергетикалық көшу перспективаларын, экология мен «жасыл» дәліздерді дамыту мәселелерін, энергетикалық қауіпсіздікті, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың жаңа модельдерін қарастырды.

ҚР Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Тұрар Әлімжан энергетика саласындағы орнықты даму тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық және технологиялық сын-қатерге айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, газдандыруды дамыту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.

Қазақстанның жел, күн және су энергетикасы салаларында зор әлеуетке ие екені айтылды. Қазіргі уақытта елде жалпы қуаты шамамен 3,7 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 169 нысаны жұмыс істейді. Ұзақ мерзімді перспективада энергия жинақтау жүйелерін дамыту, электр желілік инфрақұрылымды жаңғырту, энергожүйелерді цифрландыру және «жасыл» энергия мен сутектің экспорттық әлеуетін қалыптастыруға жағдай жасау басым бағыттарға айналмақ.

«Орнықты даму мақсаттары жүйесіне төнетін қауіптер мен сын-қатерлер» атты қорытынды сессия ММХҚИ бірінші проректоры Артем Мальгиннің модераторлығымен өтті. Сессия Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға ықпал ететін жаһандық саяси, экономикалық және институционалдық өзгерістерді талдауға арналды. Қатысушылар геоэкономикалық трансформацияның, көпжақты институттар дағдарысының, халықаралық қақтығыстардың және әлемдік экономиканың күшейіп келе жатқан фрагментациясының орнықты даму жөніндегі жаһандық күн тәртібінің болашағына әсерін талқылады. Өзгеріп жатқан әлемдік тәртіп жағдайында халықаралық ОДМ жүйесінің орнықтылығы мен оны трансформациялаудың ықтимал жолдарына ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша конференция қатысушылары халықаралық ынтымақтастықты нығайту, қаржыландырудың жаңа тетіктерін дамыту, технологиялық серіктестікті кеңейту және 2030 жылдан кейінгі кезеңге арналған неғұрлым орнықты әрі әділетті жаһандық даму жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.