
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглованың AI-Sana бағдарламасын іске асыру және еліміздің жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Өз сөзінде вице-министр Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы Қазақстанның жаңа технологиялық саясатын қалыптастырудағы маңызды кезеңге айналғанын атап өтті.
Бүгінде елімізде кешенді AI-экожүйе қалыптасып келеді. «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданып, Цифрлық кодекс күшіне енді. Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, ҚР Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Кадр даярлау және жасанды интеллектіні жоғары білім беру жүйесіне енгізу мәселесіне ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда еліміздің 95 университетінде AI-пәндер енгізіліп, 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамының жартысынан астамы жасанды интеллект саласы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Вице-министр университеттердің қолданбалы ғылым мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытудағы негізгі орталықтарға айналып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан университеттері AI-құзыреттерін оқытудан өздерінің қолданбалы шешімдерін әзірлеу кезеңіне өтуде. Қазірдің өзінде білім беру, медицина, энергетика, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қаржы және цифрлық сервистер салаларында жобалар жүзеге асырылуда. Бұл отандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің жоғары әлеуетін көрсетеді», – деді Динара Щеглова.
Министрліктің негізгі жобаларының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан AI-Sana бағдарламасы. Бағдарлама өз AI-шешімдері мен технологиялық стартаптарын әзірлей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.
«Жасанды интеллект экономикасының жаһандық сын-қатерлеріне берілген негізгі жауаптардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан AI-Sana бағдарламасы. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларын тек пайдалануға ғана емес, сонымен қатар ел экономикасы үшін өздерінің қолданбалы шешімдерін әзірлей алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыру. AI-Sana бағдарламасы ЖИ-кадрларды даярлау мен студенттік технологиялық кәсіпкерлікті дамытудың толыққанды экожүйесі ретінде құрылды. Бірінші кезеңде студенттер базалық ЖИ құзыреттері бойынша жаппай оқытудан өтіп, жетекші халықаралық білім беру платформаларына қол жеткізу арқылы 673 мыңнан астам сертификат алды. 2026 жылғы 15 сәуірден бастап «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі іске қосылды», – деді вице-министр.
Бағдарлама аясында 100 мыңнан астам студент AI-кәсіпкерлік бойынша білім алып жатыр. Ал SMILE платформасында студенттердің 3 300-ден астам AI-жобасы ұсынылған. Ең белсенді бағыттар қатарында ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және smart-технологиялар бар. Сонымен қатар Қазақстан жетекші әлемдік технологиялық компаниялармен және университеттермен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді.
Бүгінде OpenAI, NVIDIA, Google, Huawei, Coursera және басқа да халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Брифинг барысында Қазақстанның ChatGPT Edu жүйесін жоғары білім беру жүйесі деңгейінде енгізген әлемдегі алғашқы елдердің бірі болғаны ерекше атап өтілді. Университеттер мен оқытушылар үшін 165 мың лицензия ұсынылған.
Вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллектіні, ғылымды және білім беруді дамыту Қазақстан үшін ұзақ мерзімді мемлекеттік басымдық және болашақ экономикасын қалыптастырудың маңызды факторы болып саналады.