
29 мамыр күні Астанада БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын іске асырудың аралық нәтижелері және 2030 жылдан кейінгі жаһандық күн тәртібін қалыптастыру мәселелері талқыланған «Еуразиядағы орнықты даму» атты екінші халықаралық жоғары деңгейдегі конференция өтті.
Іс-шара мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, академиялық және сараптамалық қауымдастықтың, сондай-ақ БРИКС елдері мен олардың серіктестерінің, соның ішінде Ресей, Үндістан, Қытай, ОАР, Индонезия, Қазақстан, Вьетнам, Малайзия және Таиланд өкілдерін біріктірді.
Пленарлық отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізіп, конференция қатысушыларына Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.
Жолдауда форум мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және сараптамалық қауымдастық бірлесіп, өзекті жаһандық сын-қатерлерге қатысты практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталған ашық халықаралық алаң ретінде ерекше маңызға ие екені атап өтілді. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне айрықша назар аударылған.
«Бұл форум Еуразиядағы тұрақты даму тақырыбына арналғандықтан және мемлекеттер, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіріп, қазіргі заманның өзекті сын-қатерлеріне қатысты шешімдер әзірлеуге бағытталғандықтан үлкен маңызға ие. Әлемдік қауымдастық ауқымды трансформация кезеңіне аяқ басты. Бұл үдерістің мазмұны мен сапалық сипаттары еуразиялық интеграция мәселелері бойынша жетекші сарапшылар тарапынан жан-жақты талдауды қажет етеді. Осы тұрғыда БҰҰ аясында іске асырылып жатқан орнықты даму парадигмасы халықаралық тұрақтылық пен прогрестің негізгі факторы болып қала береді», – делінген құттықтауда.
Сондай-ақ Қазақстан ұлттық саясатында бекітілген орнықты даму қағидаттарын дәйекті түрде қолдайтыны және оларды ұзақ мерзімді экономикалық өсім мен халықаралық тұрақтылықтың негізі ретінде қарастыратыны атап өтілді.
Конференция аясында Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және 2030 жылдан кейінгі перспективалар, жаһандық күн тәртібіне қатысты өңірлік тәсілдер, климаттық және су қауіпсіздігі, энергетикалық трансформация және энергетиканың тұрақты дамуы, цифрлық трансформация және жасанды интеллект, халықаралық қаржы тетіктерін реформалау, адам капиталын дамыту мәселелері талқыланды.
Қатысушыларға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы - ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов, ММХҚИ ректоры, Ресей ғылым академиясының академигі Анатолий Торкунов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, сондай-ақ БҰҰ мен халықаралық сараптамалық орталықтар және даму институттарының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыс барысында қатысушылар орнықты дамудың жаһандық күн тәртібіндегі негізгі сын-қатерлерді, соның ішінде климаттың өзгеруі, энергетикалық өтпелі кезең, цифрлық трансформация, су қауіпсіздігі, халықаралық қаржы механизмдерін реформалау және адам капиталын дамыту мәселелерін талқылады.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Еуразияның көпжақты ынтымақтастық, өзара құрмет және академиялық кооперация қағидаттарына негізделген жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру орталықтарының біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Ол университеттердің тұрақты болашақты қалыптастырудағы стратегиялық рөліне ерекше тоқталды.
ММХҚИ ректоры Анатолий Торкунов 2030 жылдан кейінгі жаһандық күн тәртібін 2050 жылға дейінгі жоспарлау көжиегімен талқылауға көшудің маңыздылығын, сондай-ақ күрделеніп бара жатқан әлемдік архитектура жағдайында халықаралық диалогты кеңейту қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар ол энергетикалық қауіпсіздік мәселелері мен орнықты дамудың халықаралық-саяси факторларының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Конференцияның Астанада өткізілуі халықаралық сараптамалық диалогты нығайтуға, Орнықты даму мақсаттарын ілгерілету бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеуге және Еуразия елдерінің жаңа жаһандық күн тәртібі аясындағы ынтымақтастық перспективаларын айқындауға ықпал етеді.
Форум Қазақстанның көпжақты ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық серіктестікті нығайтуға және тұрақты дамуды жаһандық болашақтың негізгі басымдығы ретінде ілгерілетуге ұмтылысын айқындайды.