
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Мектеп – Университет – Нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» педагогикалық идеялар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ресми шараға Түркия, Әзербайжан, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Италия, Латвия, Польша және Үндістаннан арнайы келген қонақтар қатысты.
Ауқымды ғылыми шараның ашылуына онлайн қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова фестивальдің маңыздылығына тоқталып, ортақ мақсат жолындағы бірлескен жұмыстың нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашқан Басқарма төрағасы - ректор Бейбіткүл Кәрімова:
«Педагогикалық идеялар фестивалі – қазіргі білім беру жүйесінің миссиясын жаңаша пайымдайтын ірі академиялық әрі мәдени-интеллектуалдық алаң. Біз ұлттық болмыс пен жаһандық бәсекеге қабілеттілікті үйлестіретін білім көшбасшыларын даярлауды басты мақсат етеміз», – деп атап өтті.
Фестивальге ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары, CIMEA Орталық Азия өңірлік кеңсесі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, «Білім-Инновация» қоғамдық қоры, дипломатиялық корпус өкілдері, мектеп директорлары мен тәжірибелі педагогтер қатысты.
Шара аясында университет ректорының шетелдік студенттерге арналған 12 білім грантын табыстау рәсімі өтті. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келетін жастарға әр елге 3 гранттан бөлінді.
Фестивальдің маңызды бөлігі халықаралық серіктестікті нығайтуға бағытталған меморандумдар мен қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша келісімдерге қол қою рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті, Б.Т.Турусбеков атындағы Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру және спорт академиясы, ҚХР Ғылым академиясының Шыңжаң астрономиялық обсерваториясы, Үндістанның CMR Engineering College, Қытайдың Lanzhou University және Латвияның Riga Nordic University секілді жетекші шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Жиын барысында отандық және шетелдік сарапшылар педагогикалық білім мен ғылым саласындағы заманауи үрдістерге арналған мазмұнды баяндамалар жасады. Спикерлер жоғары оқу орындарын дамытудың стратегиялық тәжірибесін, болашақ мұғалімдерді даярлаудың халықаралық құзыреттік құрылымдарын, мектеп пен университет серіктестігінің рөлін, сондай-ақ білім беруді трансформациялаудағы аралас оқыту мен жасанды интеллектінің маңызын талқылады.
Іс-шара білім беру ұйымдары басшыларының форумымен жалғасып, онда көтерілген өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ шетелдік ғалымдар студенттермен, магистранттармен және докторанттармен кездесіп, қонақ дәрістер оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Алдағы күндері педагогикалық идеялар фестивалі аясында түрлі семинарлар, воркшоптар, ғылыми көрмелер, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылады.