
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым – қоғам игілігіне» атты айдары аясында қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы бейнематериалдар топтамасын жалғастырады. Қазақстан Республикасының ғылымды дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі стратегиялық міндеттерін іске асыру шеңберінде Yessenov University-де сутегі технологиялары, жаңартылатын энергия көздері және орнықты энергетика бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер белсенді жүргізіледі.
Аталған бағыттағы маңызды ғылыми жұмыстарды университеттің жас ғалымы, PhD докторы, «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі Дінмұхамбет Баимбетов жүзеге асырып жатыр.
Ғалымның зерттеу қызметі орнықты энергетика, сутегі технологиялары және су тазарту салаларын қамтиды. Атап айтқанда, зерттеулер ҚР ҒЖБМ 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылатын BR24992964 «Каспий теңізінің қазақстандық секторында экологиялық тұрақтылықты және теңіз операцияларының тиімділігін арттыру үшін интеграцияланған энергия үнемдейтін технологияларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде жүргізіледі. Зерттеу жұмыстары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, теңіз суын тұщыландыру технологияларын жетілдіру, сондай-ақ энергетика секторын декарбонизациялау мәселелерін қамтиды.
Жас зерттеуші сутегі энергетикасы және энергетикалық трансформация технологиялары тақырыбы қызықтыратынын атап өтті. Ғылыми жұмыстар аясында сутегіні өндіру, сақтау және пайдалану жүйелері, сондай-ақ табиғи газ-сутегі қоспаларын энергетика және көлік секторларында қолдану мүмкіндіктері зерттеліп жатыр. Сонымен қатар газ-сутекті отындардың термодинамикалық сипаттамалары талданып, жану процестері модельденіп, олардың қоршаған ортаға әсері бағалануда.
Ғылыми құзыреттілікті арттыру және халықаралық тәжірибені меңгеру мақсатында Дінмұхамбет Баимбетов 2023 жылғы 1 қыркүйек – 2024 жылғы 29 ақпан аралығында Германиядағы Technical University of Berlin базасында «Болашақ» бағдарламасы аясында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Халықаралық тағылымдама сутегі энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері және тұрақты даму бағыттарында ғылыми-кадрлық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік берді. Тағылымдама барысында алынған тәжірибе ғылыми зерттеулерді жетілдіруде, жаңа буын инженерлік кадрларды даярлауда, энергия үнемдейтін және төмен көміртекті технологияларды енгізуде, сондай-ақ экономиканы декарбонизациялау міндеттерін іске асыруда қолданылады.
Сонымен қатар халықаралық тәжірибе университеттің білім беру процесіне енгізіліп, бакалавриат және магистратура бағдарламаларын жаңғыртуға, зерттеу құзыреттерін дамытуға және зертханалық инфрақұрылымды жетілдіруге ықпал етуде.
Ғалымның тағы бір ғылыми бағыты – күн энергиясына негізделген, жылу сорғыларымен интеграцияланған теңіз суын тұщыландыру жүйелерін әзірлеу және модельдеу. Аталған зерттеу ғалымның жетекшілігімен «Жас ғалым» бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыру ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылған АР19175769 «Қазақстанның оңтүстік-батыс өңірі жағдайында теңіз суын тұщыландыруға арналған күн энергиясымен жұмыс істейтін жылу сорғысы жүйесін модельдеу және әзірлеу» тақырыбы бойынша жүргізіледі. Зерттеу барысында күн дистилляторларындағы жылу және масса алмасу процестеріне термодинамикалық талдау жасалып, сандық модельдеу мен эксперименттік зерттеулер жүзеге асырылады.
Бұл ғылыми жұмыстар тұщыландыру жүйелерінің тиімділігін арттыруға, энергия тұтынуын төмендетуге және технологияларды Маңғыстау өңірінің климаттық жағдайларына бейімдеуге бағытталған.
Yessenov University базасында жүзеге асырылып жатқан ғылыми зерттеулер еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға, жасыл технологияларды дамытуға және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосады.